АҚШ Ресейден Су-57 жойғыш ұшақтарын сатып алғаны үшін Алжирге санкция салатынын ескертті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша АҚШ Мемлекеттік департаментінің Таяу Шығыс істері жөніндегі жауапты өкілі Роберт Палладино Сенаттың Сыртқы байланыстар комитетіндегі отырыста Ресеймен жасалған қару-жарақ келісімдері алаңдаушылық тудыратынын мәлімдеді.
Палладиноның айтуынша, бұл келісім Алжирге қарсы «Санкциялар арқылы Американың қарсыластарына қарсы тұру туралы» (CAATSA) заңы аясында шектеулер қоюға негіз болуы мүмкін.
CAATSA заңы АҚШ-тың қарсыластары, атап айтқанда Ресей, Иран, Солтүстік Кореямен әскери ірі келісімдер жасайтын кез келген елге санкция салуды қарастырады.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында Алжир ресейлік бесінші буындағы Су-57E жойғыш ұшақтарын сатып алатынын ресми түрде растады.
Осы келісімшарт жасалғаннан кейін Алжир ресейлік аталған заманауи ұшаққа қол жеткізген алғашқы шетелдік мемлекет атанды.
Қазіргі уақытта алжирлік ұшқыштар Ресейде дайындықтан өтіп жатыр.












