Америка Құрама Штаттары мен Иран делегациялары Женевада ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің екінші кезеңін өткізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеран мен Вашингтон сейсенбі, 17 ақпан күні Женевада ядролық бағдарлама бойынша келіссөз жүргізеді.
Бұл туралы Axios тілшісі Барак Равид мәлімдеді.
Ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында дереккөздер мен аты-жөні аталмаған америкалық ресми тұлғаға сілтеме жасап: “АҚШ пен Иран сейсенбі күні Женевада ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің екінші кезеңін өткізеді деп күтілуде”,- деп жазды.
2025 жылғы маусымда Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарынан кейін тоқтатылған Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер 6 ақпан күні Оманда қайта жанданды.
Оман Сыртқы істер министрі Бадр Әл-Бусаидидің айтуы бойынша, Иран мен АҚШ делегациялары Масқатта Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша өте маңызды келіссөз жүргізген.
Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи, америкалық тарапты Президент Дональд Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф басқарды.
Масқаттағы алғашқы кездесу “өте жақсы” деңгейде өтті деп бағаланды.















