Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды таңдау емес, ұйымның аман қалу шарты деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи БРИКС елдері Сыртқы істер министрлері кездесуінің екінші сессиясында сөйлеген сөзінде мәлімдеп, жаһандық басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауға шақырды.
Министр Арақчидің айтуынша, қазіргі халықаралық институттар бейбітшілікті қорғау міндетін орындай алмай, қысым жасау құралына айналған.
Аббас Арақчи БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін «тиімсіздік пен теңгерімсіздіктің символы» деп атады. Ол құрылымның сәтсіздікке ұшырағанының басты дәлелі ретінде Америка Құрама Штаттары мен Израильдің Иран Ислам Республикасына қарсы басқыншылығы алдында ұйымның үнсіз қалуын атады.
Министр санкциялардың дипломатиялық құрал болудан қалып, оның орнына тәуелсіз және дамушы мемлекеттерді тұншықтыруға бағытталған «экономикалық соғыс қаруына» айналғанын баса айтты.
Арақчидың айтуы бойынша, бүгінде алпауыт мемлекеттер халықаралық құқық пен адам құқықтарын тек соғыстар мен оккупацияларды ақтауға арналған жалған қалқан ретінде пайдаланып отыр.
Аббас Арақчи көпжақтылық пен БҰҰ Жарғысына құрмет көрсету қазіргі хаосқа қарсы тұра алатын бірден-бір балама екенін атап айтып: «Бүгінде әлем шексіз соғыстар мен ашық зорлық-зомбылық дәуірінің қайта оралуына куә болуда. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау — жай ғана таңдау мәселесі емес, бұл БҰҰ-ның ұйым ретінде аман қалуының басты шарты», — деді.



















