Өзбекстанның Мәдениет министрлігі Artdocfest/Asia деректі фильмдер фестивалі барысында Украинадағы соғыс жайында түсірілген «Шығыс майданы» атты фильмін көрсетуге тыйым салды.
Евразия Тудейдің хабарлауынша, бұл туралы туынды режиссері Виталий Манский өзінің Facebook парақшасында жазды.
Манский «Ташкентте Artdocfest/Asia фестивалі аясында біздің «Шығыс майданы» фильмінің көрсетілімі өтпеді. Фестиваль бағдарламасының барлық көрсетіліміне де тыйым салынды. Бұл Өзбекстан Мәдениет министрлігінің нұсқауымен жасалды», — деп жазды.
Режиссердің айтуы бойынша, бұл — «139 Documentary Center» тәуелсіз алаң болған төрт жылдан бергі алғашқы жағдай.
Ташкент қаласында 2 сәуір күні басталған Artdocfest/Asia деректі фильмдер фестивалі 8 сәуірге дейін жалғасуы тиіс болған.
«Шығыс майданы» фильмінің режиссерлері — Виталий Манский мен Евгений Титаренко.
Бұл фильмнің премьерасы 2023 жылғы 24 наурызда Ресей Украинаға соғыс бастағанына бір жыл толғанда Берлиндегі фестивальде көрсетілді.
Фильм сюжетінде отбасыларын соғыс майданынан аулақ жерге апарып, өздері майданға ерікті түрде аттанған украиналық бес азамат туралы көрсетіледі. Фильмнің түсіріліміне «Настоящее Время» телеканалы қолдау көрсеткен.
Artdocfest/Asia деректі фильмдер фестивалін режиссер Виталий Манский 2007 жылы Мәскеуде құрған. 2020 жылы фестиваль Ригаға көшірілді. 2021 жылы фестиваль Өзбекстанда 139 Documentary Center алаңында өтті.
2022 жылы Artdocfest/Asia-ның көшпелі сессиялары Арменияның Ереван қаласында, Өзбекстан және Қырғызстан астаналарында өтті. 2023 жылы Artdocfest/Asia фестивалі Қазақстанның Алматы қаласы мен Қырғызстан астанасы Бішкекте өтті.














