Қазақстан елордасы Астанада Қазақстан мен Иранның экономика саласының белсенділерінің қатысуымен бизнес форум өтті.
Еуразия Тудей тілшісінің хабарлауы бойынша бүгін желтоқсанның 11 күні елорданың Конгресс орталығында Қазақстанның квазимемлекеттік секторы, Қазақстан мен Иранның экономика сауда саласының өндіруші компаниялары мен бизнес өкілдерінің қатысуымен B2B форматында бизнес форум өтті.
Оған Қазақстаннан 1800-нен астам, Ираннан 250-ден астам адам қатысты.
Шара Иран Ислам Республикасының Президенті доктор Масуд Пезешкианның Қазақстанға ресми сапары барысында екі ел Қазақстан мен Иран арасында сауда қатынасын дамыту, өзектендіру, сонымен қатар екі ел арасындағы сауда айналымын кеңейту мақсатында өткізілді.
Бизнес форум аясында жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын он құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда екіжақты сауда көлемі шамамен 350 миллион АҚШ долларын құрайды. Дегенмен екі елдің экономика саласындағы зор әлеуетін ескеріп, бұл көрсеткішті алдағы үш жылда 3 млрд АҚШ долларына жеткізу мақсаты қойылған.














