Биыл «Атырау-Астрахан» күре жолының жобасы аяқталып, қолданысқа беріледі.
Еуразия Тудейдің Көлік министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша қолданысқа берілудің нәтижесінде жолды көлікпен жүріп өту уақыты 2,5-3 сағатқа дейін қысқарады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, құрылыс жұмыстары барысын тексерген кезде айтты.
Атырау облысында «Атырау-Астрахан» жобасы аяқталуда. Қайта құру жұмыстарымен қамтылған жолдың жалпы ұзындығы 212 шақырымды құрайды. Мердігерлер асфальттың соңғы жоғарғы қабатын төсеуде. Құрылысқа 612 маман мен 408 арнайы техника жұмылдырылды.
Қазір бұл жолмен тәулігіне 5 мыңға жуық автокөлік өтсе, жол пайдалануға берілгеннен кейін көлік қарқындылығы 75 пайызға артады деп күтілуде.
ҚазАвтоЖол компаниясының мәліметі бойынша аталған жол құрылысының жұмыстары 2018 жылы басталды. Жоба халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Оны жүзеге асыруға жергілікті және Италия, Түркия және Әзірбайжан компаниялары қатысуда.















