Израильдің Палестинаны басып алуы туралы БҰҰ Халықаралық сотының консультативтік қорытындысында Израильдің басқыншы ел екендігі айтылды.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, БҰҰ Халықаралық соты Израильдің Палестинаны басып алуы туралы консультативтік қорытындысын жариялады. Сот Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимдегі қоныстану әрекетін тоқтатып, осы аумақтар мен Газа секторын заңсыз басып алуды тезірек аяқтауы керек деп шешті. Сот қорытындысында: «Израиль — Газаны басып алушы держава. Оккупацияланған Палестина территориялары — жеке территориялар емес, біртұтас аумақтық құрылым», — деп жазылған.
БҰҰ Халықаралық соты сонымен қатар Израильдің оккупациялық қоныстану саясаты халықаралық құқыққа қайшы келетінін баса айтты: «Шығыс Иерусалимде және Иордан өзенінің батыс жағалауында қоныстанушылардың болуы — заңсыз. Израильдің басып алынған аумақтардағы қоныстану саясаты Женева конвенциясын бұзады».
Соттың консультативтік қорытындысы міндетті емес, бірақ оның саяси маңыздылығы құнды. Халықаралық сот алғаш рет 57 жылдық оккупацияның заңдылығына қатысты өз ұстанымын білдірді. Сот бұл мәселені өткен жылдың басынан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының өтініші бойынша зерттеді. Соттан Израильдің палестиналықтарға қатысты саясаты туралы өз пікірін білдіру сұралды. Бұған дейін Кнессет Палестина мемлекетінің құрылуын жоққа шығаратын қарар қабылдады. 120 дауыстың 68-і қарарды қолдап, оң дауыс берді.



















