Аваза қаласында “Түркіменстан, Өзбекстан және Әзербайжан” форматында үшжақты кездесу өтті.
Еуразия Тудейдің Өзбекстан Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Авазада өтіп жатқан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер жөніндегі БҰҰ-ның үшінші конференциясы аясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Түркіменстан Халк Маслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов және Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов кездесті.
Тараптар кездесуде өзара тиімді аймақтық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Шавкат Мирзиеев, Гурбангулы Бердімұхамедов және Әли Асадов үш ел арасында энергетика, көлік, логистика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында кооперация үшін мүмкіндіктер бар екенін қуаттады.
Тараптар практикалық ынтымақтастықтың келешек жобаларын әзірлеу мақсатында осындай форматтағы диалогты жалғастыруға уағдаласты.



















