Пәкістан Сауд Арабиясы мен Түркиямен бірлесіп құрған Мекке қорғаныс келісіміне тағы бірнеше мемлекеттің қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Исламабад әзірге аталмыш келісімге қосылуы ықтимал мемлекеттердің тізімін ресми түрде жариялаған жоқ.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі мәлім етті.
Мекке келісімі аясындағы Стратегиялық саяси-қорғаныс комитетінің алғашқы отырысы 31 тамызда Ыстамбұл қаласында өтті. Жиынға Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістанның Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері, сондай-ақ Қарулы күштердің Бас штаб басшылары қатысты.
Тараптар халықаралық қауіпсіздік, қарулы күштердің өзара үйлесімділігі, қорғаныс өнеркәсібін дамыту және жаңа бірлестіктің институционалдық құрылымын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысында Мекке қорғаныс келісімінің тұрақты хатшылығын Сауд Арабиясы аумағында құру туралы шешім қабылданды. Ал ұйымның алғашқы Бас хатшысы қызметін Пәкістан өкілі үш жыл мерзімге атқарады.
Бұл шешім келісімнің өзара қолдау туралы жай ғана саяси мәлімдемеден тұрақты мемлекетаралық үйлестіру тетігіне айнала бастағанын көрсетеді. Алдағы уақытта бірлескен әскери жоспарлау, ақпарат алмасу, оқу-жаттығулар өткізу, қару-жарақ стандарттарын үйлестіру және әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралуы мүмкін.
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның айтуы бойынша, Мекке қорғаныс келісімі бастапқы кезеңнен жаңа мүшелерді қабылдау мүмкіндігін ескере отырып жасалған. Алайда болашақ қатысушылар келісімге кірудің талаптары, рәсімдері мен ортақ стандарттарымен толық келісуі тиіс.
Мекке қорғаныс келісіміне кімдер қосылуы мүмкін?
Әзірге келісімге қосылуға қызығушылық білдірген елдердің бірі – Бангладеш. Бұл елдің Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хумаюн Кабир Дакканың Мекке келісіміне қатысу мүмкіндігін оң бағалап отырғанын мәлімдеді.
Алайда Бангладеш үшін бұл шешімнің салмағы ауыр. Бір жағынан, келісімге қосылу елдің ислам әлемімен байланысын күшейтсе, екінші жағынан, Үндістанмен қарым-қатынасқа сызат түсіріп, Дакканың дәстүрлі әскери-саяси блоктарға қосылмау ұстанымын қиындатуы ықтимал.
Сонымен қатар, келісімге қосылушы елдер қатарында Мысыр пен Әзербайжан да бар. Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан арасында жасалған Мекке қорғаныс келісіміне Иранның да қосылуы мүмкін. Егер Тегеран бұл қауіпсіздік форматына қосылса, аймақтағы күштер арақатынасы елеулі өзгеруі мүмкін.
Дегенмен келісімнің негізін қалаушы үш мемлекет әзірге жаңа мүшелердің ресми тізімін жариялаған жоқ.
Сондықтан нақты елдердің жақын арада ұйымға қосылатынын кесіп айту әзірге ерте. Қазіргі уақытта келісімге жаңа мүшелерді қабылдау тетігі мен оларға қойылатын талаптар әзірленіп жатыр.
Мұсылман әлеміндегі жаңа қауіпсіздік жүйесі
Мекке қорғаныс келісімі болашақта қандай құрылымға айналатыны әзірге белгісіз. Түркия НАТО мүшесі болса, Пәкістан ядролық қаруға ие мемлекет саналады. Ал Сауд Арабиясының елеулі қаржылық мүмкіндіктері және Батыс елдерімен тығыз қорғаныс байланыстары бар. Осы әлеуеттің бірігуі мұсылман әлеміндегі ең ықпалды әскери форматтардың бірін қалыптастыруы ықтимал.
Сонымен бірге альянс мүшелері бұл келісімнің ешқандай нақты мемлекетке қарсы бағытталмағанын және қолданыстағы халықаралық міндеттемелерді алмастырмай, тек толықтыруға тиіс екенін атап көрсетеді.
Егер альянсқа тағы бірнеше мемлекет қосылса, оның геосаяси салмағы айтарлықтай артуы мүмкін. Бұл жағдайда үшжақты қорғаныс келісімінен Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияны, сондай-ақ ықтимал түрде Кавказ өңірін қамтитын жаңа өңірлік ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылуы ықтимал.
Алайда жобаның саяси мәлімдемелер деңгейінен нақты әскери ынтымақтастыққа қаншалықты жылдам өтетіні қатысушылардың ұжымдық қорғаныс тетігін қолданудың ортақ ережелерін келісуіне және сыртқы саяси мүдделері әртүрлі елдер арасындағы тепе-теңдікті сақтай алуына тікелей байланысты болмақ.
Айта кетейік, Мекке қорғаныс келісімі — 2026 жылғы 7 тамызда Меккеде Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан арасында қол қойылған ұжымдық қорғаныс туралы шарт.
Бейресми түрде «мұсылман НАТО-сы» аталған бұл аталмыш бірлескен қорғаныс туралы құжат шарттарына сәйкес, альянс мүшелерінің кез келгеніне жасалған шабуыл ұйымның барлық қатысушысына жасалған басқыншылық ретінде бағаланады.



















