Ауғанстандағы “Талибан» қозғалысының жетекшісі Хибатулла Ахундзада ауызша бұйрық шығарып, ел әскерилері мен мемлекеттік қызметкерлеріне смартфондарды пайдалануға тыйым салды.
Осы бұйрыққа бағынбаған тұлғалар қылмыскер деп танылып, әскери соттарға жіберіледі.
Ауғанстан БАҚ-ның ақпараттарына сәйкес, «Талибан» жетекшісі бұйрықты елдің сегіз аймағындағы әскери соттардың төрағаларымен, полиция бастықтарымен және барлау қызметінің басшыларымен кездесуі барысында берген.
Бұйрық шыққаннан кейін, «Талибан» мүшесінің өз смартфонын қиратып жатқаны бейнеленген видео да жарияланды.
Сонымен қатар, Пактика уәлаятының Бармал ауданындағы қауіпсіздік қолбасшысы мен 14 қызметкері өз смартфондарын өздері сындырып, істен шығарғаны хабарланды.
Мүның алдында «Талибан» қозғалысының Білім министрлігінің департаменті де оқушыларға мектептер мен медреселерге смартфондар әкелуге тыйым салатын үкім шығарып, ұялы телефондарды «мұсылмандардың негізгі үш жауының бірі» деп атады.












