Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Аль Нахаянмен келіссөздер жүргізді.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша кездесу барысында тараптар Қазақстан-Әмірліктер қатынастарының қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективаларын талқылап, өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық аренада екі мемлекеттің саяси диалогы мен өзара қолдауының жоғары деңгейін атап өтті.
ҚР СІМ басшысы БАӘ Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін және орта мерзімді перспективада өзара сауда көлемін 1 млрд. АҚШ долларына жеткізу мақсаты бар екенін атап өтті.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары алдағы жоғары және аса жоғары деңгейдегі кездесулер мен сапарлардың кестесін талқылап, жоғары деңгейдегі саяси диалог пен тығыз байланыстарды қолдауға келісті



















