Қазақстан 2 жыл ішінде Транскаспий бағыты бойынша мұнай жеткізуді 3 млн тоннаға дейін арттырады.
Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайтында хабарланды.
Осы мәліметке сәйкес, Қазақстан Үкіметі үшін энергетика саласын дамыту басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Мұнай саласында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейтуге бағытталған ірі жобаларды іске асыру жалғасуда.
Каспий құбыр консорциумы құбырының қазақстандық учаскесінің өткізу мүмкіндігі жылына 54-тен 72,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды.
Бұл ретте Транскаспий бағыты бойынша мұнайдың алғашқы жеткізілімдері жүргізілді. Олар 2 жыл ішінде 3 млн тоннаға дейін арттырылатын болады.
Айта кетейік, Транскаспий халықаралық бағыты — Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзірбайжан, Грузия арқылы Еуропа елдеріне жететін көлік жолы.
Бағыт бойынша жүк құрлықта темір жолмен пойыздар арқылы тасымалданады. Пойыздар аптасына үш рет қатынайды. Тасымал уақыты шамамен 12-15 күнге созылады.
Каспий теңізінің акваториясында теңіз жолы арқылы тасымалдау жүзеге асырылады.
2021 жылдан бері Транскаспий халықаралық бағытымен мұнай-химия өнімдері, қара және түсті металдар сияқты тауарлар контейнерлермен тасымалданады.



















