Барлық мұғалімдердің, оқытушылар мен жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі биыл алғаш рет Қазақстанда бүгін, яғни 5 қазанда аталып өтеді.
Ұстаздар күні енді ресми түрде 5 қазан күні атап өтіледі. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 25 қыркүйекте «Биыл алғаш рет Ұстаздар күнін тойлау күні -5 қазан болып бекітілді. Бұл датаны мерекелеу Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген. Бұл мереке ең асыл, жауапты және маңызды мамандық өкілдерін біріктіреді»,- деп хабарлаған болатын.
Тиісті басқарманың мәліметінше, бұл күні елордада мұғалімдердің республикалық съезі өтеді. Оған еліміздің барлық аймақтарынан 700-ге жуық ұстаз қатысады.
Жыл сайын 5 қазан күні 100-ден астам мемлекетте 1994 жылдан бері қалыптасқан Дүниежүзілік мұғалімдер күні атап өтіледі.
Мұғалімдер күнінің тағайындалуына 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды.
1994 жылдың 5 қазаны күні Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет атап өтілді. Содан бері мерекелік іс-шаралар өзгеріссіз осы күні тойланады. Дегенмен, жекелеген елдер мерекені 5 қазанға жақын күндері атап өтеді.
Мәселен, бұл мейрам елімізде биылға дейін қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланып келді.
Ал, бұл мейрамды Түркия 24 қараша, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Албания 8 наурыз, Қытай 10 қыркүйек, Аргентина 11 қыркүйек, Польша 14 қазан, Солтүстік Корея 9 мамыр, Бразилия 15 қазан, Оңтүстік Корея 15 мамыр және Австралия қазан айының соңғы жұма күні атап өтеді.




















