Италияның Венеция қаласында туристер мінген жолаушылар автобусы көпірден құлап, апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 21 адам қаза тауып, 18-і жараланды.
Эстакада үстімен келе жатқан автобус жолдан шығып кетіп, көпірдегі қоршауды бұзып өтіп, 10 метр биіктіктен теміржолға құлаған. Автобус электр тоғымен жүретіндіктен, бірден отқа оранып, адамдарды құтқару қиынға соққан.
«19 адам оқиға орнында қайтыс болды, ал екеуі ауруханада көз жұмды. Барлығы 21 адам оқиға салдарынан қаза тапты», — дейді Венеция мэрі Луиджи Бруньяро.
Қаза тапқандар арасында екі кішкентай бала бар.
Италия басылымдарының хабарлауынша, автобуста жергілікті тұрғындармен бірге Германия, Аустралия, Испания және Украина азаматтары болған.
Украина СІМ ел азаматтарының құрбан болғандардың арасында болғандығын растап, олардың санын нақтылады. Нақтыланған мәліметтерге сәйкес, төрт украиндық қаза тауып, төртеуі жарақат алған.
Автобуста 39 адам болған.
Әзірге апатқа не себеп болғаны белгісіз.



















