ТМД елдері институтының ғылыми қызметкері, саясаттанушы Руслан Панкратов Италия премьер-министрі Мелонидің сөзі әзіл еместігін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай мәлімдемені сарапшы Панкратов Аif.ru басылымына берген сұхбатында айтып, Мелонидің мәлімдемесі кімдер үшін дабыл белгісі екенін түсіндірді.
Панкратов сұхбатында Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони неден қауіптеніп отырғанын баса айтты. Оның айтуы бойынша, Мелонидің сөзін жай әзіл ретінде қабылдауға болмайды.
Сарапшы: “Бұл хабарлама — әзіл емес, еуропалық элитаның қазіргі жай-күйін көрсететін шифрланған үндеу. Оның маңызы ішкі аппаратқа емес, серіктестерге, италиялық барлау қызметіне және Еуропалық Одақтың саяси топтарына бағытталғанында”,-деді.
Панкратовтың пікірінше, Премьер-министр Мелони осылайша Еуропада құрылымдық ауқымдағы дағдарыстың жақындап келе жатқанына әлемді дайындап отыр.
Панкратов Мелонидің сөзі Еуропаның алдағы ыдырауына меңзейді деп санайды. Сарапшының пікірінше, бірліктің және үйлесімді әрекеттердің болмауы Еуропалық Одақтың ішінде ауыр күйзеліске әкелуі мүмкін. Панкратовтың айтуынша, Мелонидің сөзі Италияның алдында тұрған бірқатар күрделі мәселемен де байланысты. Соның бірі — 2026 жылдың тамызына қарай болуы мүмкін қаржылық күйреу.
Панкратов: “Осы кезде Ұлттық қалпына келтіру жоспарының мерзімі аяқталады. Реформалар орындалмаса, Рим Еуропалық Одақтан бөлінетін миллиардтаған трансферттерден айырылып, қаржылық құлдырауға ұшырауы мүмкін”, -деді.
Сарапшының пікірінше, қаржы дағдарысы, Еуропалық Одақ елдері арасындағы бірліктің жоқтығы, әскери шығындардың көтере алмайтын ауыртпалығы және ішкі саяси тәуекелдер, мұның бәрі елеулі күйзеліске әкелуі мүмкін. Егер алдағы 2026 жылы бұл мәселелерді еңсеру үшін шұғыл шара қабылданбаса, Еуропаның болжанған ыдырауы шындыққа айналуы ғажап емес.
Айта кетейік, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони күтпеген мәлімдеме жасап, келесі жылдың 2025 жылға қарағанда ауыр болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Джорджа Мелони Рождество мерекесіне арналған құттықтау рәсімінде айтты. Джорджа Мелони Италия Үкіметі аппаратының қызметкерлерін құттықтау сөзінде рождестволық демалыс кезінде жақсылап тынығып алуға кеңес берді. Оның айтуы бойынша, жақсы демалыс оларға келер жылы қажет болады.
Мелони: “Біз – бір отбасы, бір командамыз. Жыл бойы бірге күрестік. Өткен жыл бәріміз үшін ауыр жыл болды. Алайда келер жыл бұдан да ауыр болады. Сондықтан осы мерекелерде жақсылап демалып алуға кеңес беремін”, – деді.



















