Миланда «Қазақстан-Италия: Қазақстан жолындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктер» атты Қазақстан-Италия форумы өз жұмысын бастады.
Еуразия Тудейдің ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қаңтар айындағы Италияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмаларды орындау барысы талқыланды.
Сонымен қатар, іс-шарада Қазақстанның Еуропа және Орталық Азия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығы аталып, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, фармацевтика және технологиялық инновация тақырыптартары қаралды.
Сауда министрі Арман Шаққалиев Италия Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін және тауар айналымы бойынша үздік үштікке кіретінін айтты. Министр италиялық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарда өндірілген өнімді ілгерілетіп, тауарлардың халықаралық нарықтағы позициясын күшейтетін «Made with Italy» тұжырымдамасын енгізуді ұсынды.
«Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини бұл ұсынысты қолдап, бірлескен жобалар екі елдегі шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетінін айтты.
Сондай-ақ, форумда туризм саласындағы перспективалар талқыланып, Астана мен Милан арасында тікелей рейстердің іске қосылуы туристердің қатынауына үлкен үлес қосатыны айтылды.
Форум аясында ашылған Италиядағы қазақстандық компаниялардың алғашқы сауда-экономикалық миссиясына басты назар аударылды.
Аталмыш іс-шараға ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Италиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, сондай-ақ Италия Сенатының Президенті Игнацио Ла Русса, Италияның Туризм министрі Даниэла Сантанке және «Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини және Италияның жоғары дәрежелі басқа да өкілдері қатысты.



















