Иран билігі Тегеранда қамауға алынған италиялық журналист Чечилия Саланы босатты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони X әлеуметтік желісінде жазды.
Джорджа Мелонидің айтуынша, Чечилия Сала дипломатиялық және барлау арналарының белсенді жұмысының арқасында босатылған. Мелони X әлеуметтік желісіндегі жазбасында Саланың босатылғаны туралы хабарды журналистің ата-анасына телефон арқылы сөйлесіп, айтқанын жазды.
Италия билігінің мәліметінше, Чечилия Сала кеше, сәрсенбі күні еліне қайтты.
Журналистің босатылғаны туралы хабарды Иран тарапы да растады.
Чечилия Сала Chora Media компаниясында және италиялық IІ Foglio басылымында жұмыс істейді. Ол іссапармен Иранға келгеннен кейін 20 желтоқсан күні қамауға алынып, Эвин түрмесіне қамалды.
Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі мәлімдеме жасап, Италия азаматы Чечилия Саланың Иранға 13 желтоқсанда келгенін, 20 желтоқсанда Иран Ислам Республикасының заңдарын бұзғаны үшін қамауға алынғанын мәлімдеген болатын.
Чечилия Сала Италияда Иран азаматы ұсталғаннан бірнеше күн өткен соң қамауға алынған болатын.

















