Қазақстанда көктемнің алғашқы күні, 1 наурыздан бастап уақыт 1 сағатқа кері шегерілді.
Бұл — наурыз айының алғашқы күні елде болған ең басты өзгеріс.
ҚР сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгеріс енгізілді.
Соған сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылатыны айтылды.
Осылайша, 1 наурыздан бастап Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында жергілікті уақыт 1 сағат артқа ауыстырылды.
Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін орнатуды қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған.
Осы мәселеге қатысты құрамында медицина, физиология, география, метрология және басқа да түрлі салаларды қамтитын мамандардан тұратын арнайы жұмыс тобы құрылып, нәтижесінде, олар елімізде UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу дұрыс деген ортақ пікірге келді.












