Құрамында 139 әскери қызметші бар қазақстандық жасақ Голан жоталарына жетті.
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша қарулы күштердің әскери қызметшілері Қазақстан аумағынан Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін автокөлікпен жетті.
Қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындау үшін база орналасқан жерге әскери техника мен мүлік те жеткізілді.
Қазақстандық бітімгерлік контингентінің командирі подполковник Жігер Аиповтың айтуы бойынша, бұл миссияның ерекшелігі – қазақстандық бітімгерлердің өз қызметін жеке атқаратындығында.
Наурыздың он төрті күні қазақстандық бітімгерлерді Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар паркінде өткен шығарып салу рәсімінде сөз сөйлеген Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов: «Бұл біз үшін үлкен мәртебе, біз қысқа мерзімде барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сай келетін, әскери-саяси жағдайдың ерекше жағдайында тапсырмаларды орындауға дайын бітімгершілік контингентті дайындап, жабдықтадық», — деген болатын.
Бұрын біздің елдің бітімгерлік контингенті жиырма жылдай басқа елдердің бөлімшелерінің құрамында қызмет еткен болатын. Қазақстандық 139 әскери қызметшінің ішінде 7 әйел адам бар.
Голан жоталары — Таяу Шығыстағы даулы аумақ. Оның басым бөлігін Израиль басып алса, шығыс бөлігін Сирия бақылайды.



















