Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха Қазақстанның ИЫҰ қызметіне қосқан үлесі мен ұйымның бастамаларын қолдау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясына қатысу үшін Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапары шеңберінде ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар өзекті халықаралық мәселелер мен ислам әлеміндегі ағымдағы ахуал бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Х.Таха Қазақстанның ИЫҰ қызметіне қосқан үлесін және ұйымның бастамаларын қолдау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, Ұйымның Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Еске салайық, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы ертең, наурыздың бесі күні Израильдің Газа секторына қарсы агрессиясына байланысты мүше елдердің сыртқы істер министрлері деңгейінде кезектен тыс отырыс өткізеді.
Газа секторы бес айдан астам уақыт бойы сионистік режимнің толассыз шабуылдарына ұшырап отыр.
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы – ең ірі және ең ықпалды ресми үкіметтік ислам елдерінің халықаралық ұйымы. Қазіргі уақытта ұйымға шамамен 1,5 миллиард халқы бар 57 ел кіреді.
Ұйым 1969 жылы 25 қыркүйекте ислам елдері арасында ынтымақтастықты қамтамасыз ету, сонымен қатар Палестинаны азат ету ұйымын қолдау мақсатында құрылды.












