Қазақстан мен Канада арасындағы байланыстарды кеңейту мақсатында Қазақстанның Құрметті консулдығы Канаданың Ванкувер қаласынан ашылды.
Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігінің мәліметінше, Құрметті консул қызметіне канадалық «Arras Minerals» тау-кен компаниясының басшысы Даррен Клинк тағайындалды.
Еліміздің Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Елшісі Даулетбек Құсайынов, Британдық Колумбия провинциясының Сауда министрі Джагруп Брар, Британдық Колумбияның дипломатиялық корпусы және бірқатар іскерлік топ өкілдері қатысты.
Даулетбек Құсайыновтың айтуы бойынша, Құрметті консулдық қызметі Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың дамуына оң серпін береді.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Британдық Колумбия провинциясының Сауда министрі Джагруп Брар Қазақстанның жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін атап өтті.
Жаңадан тағайындалған Құрметті консул Даррен Клинк өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, екі ел арасында экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға ниет білдірді.
Айта кетсек, Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың сәуір айында орнатылды.
2008 жылғы мамырда Канадада ҚР-ның Елшілігі ашылды.



















