Тәжікстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Азия-Плюс» медиатобы парсы тіліндегі жаңа қызметін іске қосты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, жаңа қызметтің негізгі мақсаты – Тәжікстанда, Орталық Азияда және әлемде болып жатқан маңызды оқиғалар туралы парсы тілді аудиторияға жедел ақпарат ұсыну.
Медиатоптың мәлімдеуінше, бұл бастама Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ата-баба жазуын үйренуді күшейту, ұлттық сана-сезімді нығайту, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және қоғамның тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру жөніндегі тапсырмасын қолдау мақсатында қолға алынған.
«Азия-Плюс» медиатобының негізін қалаушы әрі Бас директоры Умед Бобохонов: «Бұл шешім Тәжікстан мен парсы тілдес елдер арасында маңызды көпір орнату қажеттілігін ескере отырып қабылданды.
Тәжікстанның экономикалық, әлеуметтік, ғылыми, әдеби, мәдени және шығармашылық өмірінің түрлі қырларын көрсету, сондай-ақ миллиондаған парсы тілді оқырманды еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерімен, туристік әлеуетімен, тарихи және өркениеттік ескерткіштерімен таныстыру жаңа қызметіміздің басты бағыттарының бірі болады», – деді.
Жаңа редакцияның басты назарында елдің экономикасы, мәдениеті, әдебиеті, ғылымы, туризмі, инвестициялық әлеуеті және тарихи мұрасы болады. Бұл ретте мәдени бағытқа ерекше мән беріліп, аталмыш медиажоба тек жаңалықтар көзі ғана емес, сонымен қатар өзара мәдени алмасу алаңына айнала алады.
«Азия-Плюс» редакциялық директоры Бахманёр Надировтың айтуы бойынша, алғашқы кезеңде бұл негізінен басылымның басқа тілдердегі материалдарын парсы тіліне аударып, қайта жариялайтын шағын бөлім болады. Надиров: «Алайда алдағы уақытта қызметті кеңейтіп, штатты көбейтіп, оны толыққанды редакцияға айналдыруды және парсы тілді медиакеңістіктен өз орнымызды алуды жоспарлап отырмыз», – деді.
Медиатоптың мәліметінше, парсы тіліндегі жаңа қызмет Тәжікстан мен Орталық Азия туралы мәліметті тек парсы тілді аудиторияға ғана емес, осы тілде жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралдарына да ұсынып, сенімді ақпарат көзі болуға ұмтылады.
«Азия-Плюс» тәжік қызметінің жетекшісі Джасур Абдуллоев: «Парсы тіліндегі қызметтің іске қосылуы парсы тілді БАҚ өкілдерімен және әріптестермен ынтымақтастықтың жаңа негізін қалыптастырады деп үміттенеміз. Тәжірибе алмасу, медиасаласының түрлі бағыттары бойынша курстар өткізу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және басқа да бастамалар осындай ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына айналуы мүмкін», – деді.
«Азия-Плюс» — 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Тәжікстандағы жеке медиатоп.
Бүгінде «Азия-Плюс» Тәжікстан мен өңірдің медиакеңістігіндегі көшбасшылар қатарына кіреді. Медиатоп құрамында айына шамамен 2 миллион оқырманы бар ақпарат агенттігі, апталық таралымы 10 мың дана болатын басылым, елдің басым бөлігіне таралатын ел астанасындағы алғашқы жекеменшік радио, «VIPZONE» журналы, сондай-ақ бейне және телевизиялық өнімдер шығаратын бөлім бар.
«Азия-Плюс» әлеуметтік желілердегі парақшаларының жалпы аудиториясы 2 миллионнан асады. Контент төрт тілде — тәжік, орыс, ағылшын және парсы тілдерінде дайындалып, жарияланады.
Айта кетейік, парсы тіліндегі жаңа қызметтің материалдарын төмендегі ресми сайт және әлеуметтік желілерден оқуға болады.
Сайт: https://asiaplus.news/fa
Telegram: https://t.me/asiapluspersian
Facebook: https://www.facebook.com/asiapluspersian
Instagram: https://www.instagram.com/asiapluspersian


















