Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтады.
Еуразия Тудейдің ҚМДБ сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап: «Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын!» — деді.
Бас мүфти осы ретте кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеп: «Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз», — деді.
Қазақстанда биыл Рамазан айы бірінші наурызда басталады. Қадір түні биыл 26 наурыздан 27 наурызға қараған түнге түседі.
30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы жылғы пітір садақа 655 теңге болып бекітілді.












