Башар Асад Сирияның барлық салаларда Қытаймен достық қарым-қатынасты дамыту бағытын ұстанатынын мәлім етті.
Бұл мәлімдемені Башар Асад 25 қыркүйек күні Бейжіңде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен кездесуінде айтты.
Сирия Президенті сонымен қатар Қытайдың экономикалық тәжірибесін пайдалану және Қытаймен «Бір белдеу-бір жол» жаһандық бастамасы аясында тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті екендігіне тоқталып: «Біз бірнеше бірлескен инвестициялық жобаларды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ технологиялық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты жандандырамыз»,-деді.
Башар Асад Ли Цянмен кездесуінде «…әлемнің көптеген елдері Қытай юанінің халықаралық валютаға айналуын асыға күтеді, өйткені доллар Батыстың дамушы елдерге қарсы қаруы болып табылады»,- деп мәлімдеді.
Башар Асад кездесу барысында Қытай тарапына 6 ақпандағы жер сілкінісі салдарынан болған апаттың салдарын жоюға көмектескені үшін алғыс айтты.
Айта кетсек, бұған дейін Ирактың орталық банкі елдегі барлық ішкі сауда мәмілелері жаңа жылдан бастап динармен жасалатынын мәлімдеген болатын. Иракта ішкі мәмілелер динардан басқа доллар сияқты шетелдік валюталармен жасауға тыйым салынады. Тек туристер шетелдік валюталар қолдана алады.




















