Сирияның бұрынғы Президенті Башар Асадты өлім жазасына кесу туралы үкім шықты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Дамаскінің 4-ші қылмыстық соты Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад пен оның бауыры Маһер Асадқа, сондай-ақ Асадтың жақын туысы әрі Дераадағы Саяси қауіпсіздік басқармасының бұрынғы бастығы Атиф Наджибке өлім жазасы үкімін шығарды.
Al Jazzera агенттігінің мәліметіне сәйкес, Сирияның бұрынғы президенті Башар әл-Асад, оның бауыры Маһер әл-Асад және немере інісі Атиф Наджиб елдегі 14 жылға жуық соғыс кезінде жасалған қылмыстар бойынша айыпты деп танылып, өлім жазасына кесілді.
Дамаскідегі қылмыстық сот бүгін, тамыздың 11, сейсенбі күні 2024 жылдың желтоқсан айында биліктен тайдырылған, қазір Ресейде қуғында өмір сүріп жатқан Башар әл-Асадты қасақана кісі өлтіру, азаптау және адамзатқа қарсы қылмыстар үшін кінәлі деп танып, сырттай өлім жазасына кесті.
Дамаскінің 4-ші қылмыстық соты бүгін Дераадағы Саяси қауіпсіздік бөлімінің бұрынғы бастығы Атиф Наджибтің ісі бойынша, 2011 жылы осы провинцияда наразылық басталған кезде орын алған заңбұзушылықтарға қатысты өз үкімін жариялады. Сот тергеу нәтижелері мен куәгерлердің куәліктеріне сүйене отырып, Наджибке тағылған әрекеттерді адамзатқа қарсы қылмыс деп тапты. Судья сонымен қатар Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың жауапкершілігіне де тоқталып, оның бұл қылмыстарға қатысы «түпкілікті шешім қабылдаушы» ретіндегі лауазымынан туындағанын және бұл істерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарды пайдаланғанын мәлімдеді. Отырыс соңында сот Атиф Наджибті өлім жазасына кесті.
Судья әл-Ариан сөзін жалғастырып, сот осы іс бойынша қашып жүрген өзге де айыпталушыларды — Маһер Хафиз әл-Асад, Фахд Джасем әл-Фрейдж, Мухаммад Айман Айюш, Луай Али әл-Али, Кусай Ибрахим Мухиюб, Вафик Салех Насер және Талал Фарис әл-Асмиді қасақана кісі өлтіру және азаптау қылмыстары бойынша айыпты деп танып, оларды да өлім жазасына кескенін мәлімдеді.
Еске салайық, Сирияның қазіргі уақытша басшысы, «Ахмад аш-Шараа» деген лақап атпен танымал Әбу Мұхаммед әл-Джулани күштері Дамаскіні өз бақылауына алғаннан кейін Башар Асад пен оның отбасы Ресейге қашып кеткен болатын. Джулани елде өтпелі үкімет құрды.












