Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Польшаға сапар шегетін болса, осы ел оны қамауға алуға міндетті.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Франческа Албанезе мәлімдеді.
Франческа Албанезе: “Халықаралық қылмыстық сотқа мүше елдер сот қамауға алуға ордер берген адамдарды ұстауға міндетті.
Ресей Президенті Владимир Путинді қамауға алу шараларын қолданбағаны үшін Моңғолияны айыптаған Польша Беньямин Нетаньяхуды тұтқындауы керек. Заңдарды іріктеп қолдану халықаралық сот төрелігінің көпжақтылығы мен әмбебаптығының бұзылуына әкеледі”,- деді.
Жұма күні Польша астанасы Варшавада шеру өтіп, оған қатысушылар осы ел билігінің Беньямин Нетаньяхуға иммунитет беріп, оны ұстамау туралы шешіміне наразылық білдірді.
Айта кетейік, Халықаралық қылмыстық сот 2024 жылдың 21 қарашасында Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен 2024 жылдың 5 қарашасында қызметінен босатылған осы елдің бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты тұтқындауға ордер берген болатын.



















