Қазіргі геосаяси шиеленіс пен теңіз жолдарындағы блокада жағдайында Иран экономикасы үшін Чабаһар порты қауіпсіз сауда арнасына айналып отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, әлемдік нарықтар жөніндегі сарапшы Кейван Джафари Теһрани қазіргі жағдайда сауда үшін Чабаһар портын, елдің солтүстік порттарын және Орталық Азия елдеріне бағытталған теміржол желілерінің қолданыстағы қуатын пайдалануға болатынын мәлімдеді.
Кейван Джафари Теһрани ISNA агенттігіне берген сұхбатында: «Ормұз бұғазының жабылуы жүк тасымалдайтын кемелерге айтарлықтай соққы болды. Астық тасушы кемелерге келетін болсақ, бұрын импорттық жүктер Имам Хомейни портына келетін, қазір олар негізінен Чабаһар порты арқылы жеткізілуде.
Сондай-ақ, Бандар-Аббаста Иран мен кейбір Қытай кемелеріне аз мөлшерде экспорттық жүктер тиеліп жатыр. Дегенмен, бұл кемелердің Америка Құрама Штаттарының қоршауынан өте алатын, алмайтынын нақты білмеймін. Бірақ оларға жүк тиеліп жатқанын көріп отырмыз»,-деді.
Сарапшы Иранның экспорттық мүмкіндіктері қазіргі уақытта Чабаһар портымен байланысты екенін баса айтып: «Америка Құрама Штаттарының күштері Оман шығанағында, Оман жағындағы Сохар портынан Иран жағалауындағы Минабқа жақын орналасқан қарама-қарсы нүктеге дейінгі аралықта орналасқан. Оман жағалауынан Иранға дейінгі бұл нүктенің ені 280 теңіз милін құрайды.
Ені 22 теңіз милі болатын Ормұз бұғазы Иранның бақылауында болса, АҚШ 280 теңіз милі аумақты бақылап отыр. Чабаһар порты бұл аймақтан тыс жерде орналасқан және импорт пен экспорт үшін мүмкіндіктері бар. Чабаһар порты Пәкістанның Гвадар портынан әуе жолымен 75 шақырым жерде орналасқан. Жақында Пәкістан импорттық контейнерлерді Пәкістан порттарында түсіріп, құрлықтағы шекара арқылы Иранға тасымалдауға рұқсат берді.
Алайда Чабаһар порты Америка Құрама Штаттарының блокада аймағына кірмесе де, кейбір кеме иелері белгісіздікке байланысты қазіргі уақытта порт арқылы өтуге немесе жүк тиеуге құлықсыз. Мен Чабаһар портының Иранмен жақсы қарым-қатынастағы Үндістан мен Қытайға экспорттық өнімдерді жеткізу үшін әлеуеті зор деп есептеймін»,-деді.
Кейван Джафари Теһрани соғыс кезінде аймақ елдері мен Ирандағы өндіріске қатысты туындаған кейбір қиындықтар туралы: «Соғыс қимылдары Иранның көршілес Парсы шығанағы елдеріндегі алюминий өндірісін басты нысанаға алуына түрткі болды. Бұл жағдай бүкіл аймақтың өнеркәсібіне үлкен қауіп төндіріп отыр. Себебі дүние жүзінде өндірілетін барлық алюминийдің бестен бір бөлігі дәл осы Парсы шығанағы елдеріне тиесілі.
Бұл салада әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейннің үлесі өте жоғары.
Иран тарапынан осы өнеркәсіп ошақтарына қысым жасалуы немесе олардың нысанаға алуы жаһандық нарықта алюминий тапшылығы мен бағаның өсуіне әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, шикізат жеткізу жолдарының бөгелуі аталған елдердегі ірі зауыттардың жұмысын қиындатып отыр», — деп мәлімдеді.

















