Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайылов Үкіметін таратып, ҚР Премьер-Министрі етіп Олжас Бектеновті тағайындады. Жаңа Үкіметтің алдында шешуге тиісті қандай мақсат-міндеттер бар? Сыртқы және ішкі саясаттағы түйткілді проблемалар қандай?
Осы сұрақтар төңірегінде kz.eurasiatoday.ru сайтының тілшісі саясаттанушы Дос Көшімнің пікірін білген еді.
«Үлкен өзгеріс болады деп ойламаймын», – дейді саясаттанушы.
Тақырыпқа орай:
– Олжас Бектенов Үкіметі қай бағытқа баса назар аударады деп ойлайсыз?
– Меніңше, бұрынғы Үкіметтің алдына қойған міндетін ары жалғастырады. 2010 жылдан бастап бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «индустриалды даму» бағытын қолға аламыз деген. Көптеген өндіріс ошақтары, зауыт-фабрикалар ашылды. Соның көбі көзбояушылық болып шықты. Қазақстан экономикасы бұрынғыдай шикізатқа тәуелді күйінше қалып отыр. Жаңа Үкімет өндірісті дамытуды қолға аламыз дейтіні анық. Әлихан Смайылов та сөйткен болатын. Ол да өндірісті дамыта алмады. Өндіруші емес, тұтынушы ел болып қалдық. Бектенов Үкіметі осы салаға баса назар аударатын шығар.
– Үлкен өндіріс ошақтарын ашу үшін қыруар қаржы керек қой. Шетелге заңсыз шығарылған миллиардтаған қаржыны елге қайтарып, заңсыз иемденген активтерді мемлекет меншігіне өткізу ісі баяулап тұрғанын көріп отырмыз. Жаңа Үкімет бұл бағытта батыл қадам жасай ала ма?
– Өзіңіз білесіз, шетелге заңсыз жолмен шығарылған қаржы мен қитұрқы жолмен иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң қабылданды. Сол заң шикі. Дұрыс емес. Заң бойынша шетелге тыққан қаржыларын елге қайтарса болды, заң алдында ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Бұл қалай болғаны? Елдің байлығын, халықтың салығын тонайсыз, сол арқылы байисыз және ақшаңызды шетелге жылыстатасыз. Миллиардтаған қаржыны шетелге шығару үшін олар қандай заңсыз әрекеттер жасады, кім арқылы, билік басындағы қандай тұлғалармен бірлесіп істеді, оны тексермей, кешірім жасайды екен.
Айталық, Болат Назарбаевтың (бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі. – ред.) мыңдаған гектар жерін қайтарып алдық деген ақпарат тарады. Оның одан өзге де «басып алған», «тартып алған» компанияларының акцияларын мемлекетке қайтарғаны хабарланды. Сол заңсыз әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамды естідіңіз бе? Оларға көмектескен мемлекеттік қызметкерлер, әкімшіліктегілер, заң адамдары жоқ болғаны ма? Кем дегенде 10-15 адам сол іс бойынша тергеліп, тиісті жазасын алуы керек еді. Бізде оның бірі жоқ. Сондықтан Парламент шетелге заңсыз шығарылған қаржы туралы заңды қайта қарауы керек. Үкімет атқарушы билік болғандықтан, әуелі заңымыз кемел болғаны дұрыс.
Шетелге кеткен қаржының бірер жылда қайтуы қиын. Көптеген қиындық бар. Шетелдегі қаржысыз да өндірісті дамытуға елімізде толық мүмкіндік бар деп ойлаймын.
– Көпвекторлы сыртқы саясатымыз көңіліңізден шыға ма?
– Жаңа Үкімет те сол бағытты ұстанады. Бізде басқа жол жоқ. Қазір сол саясаттың арқасында түрлі қиындықтан аман өтіп келеміз. Батыстың да, Ресейдің де көңілін қалдырмай, бейтарап саясат ұстанып отырмыз. Тек Ресейге астыртын көмектесетін компанияларды бақылау керек. Экономикалық санкциялардан сақтану маңызды.
– Шетелмен экономикалық байланысымыз туралы түрлі пікір айтылып жүр. Қытайға экономикалық тұрғыда тәуелді болып барамыз деген пікір басым. Әсіресе, Қытайдың 51 зауыты туралы сын айтатындар көп. Бұл сынмен келісесіз бе?
– Бізде қай елдің компаниясы, зауыты көп? Ресейдің 10 мыңнан артық компаниясы жұмыс істейді. Қытайдікі 1000-нан сәл асады. Неге Ресейді емес, Қытайды көп айтамыз? Елімізде Еуропаның да, Американың да, Қытайдың да компаниялары жұмыс істеп жатыр. Олар елімізге инвестиция құйып, халықты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан, орынсыз үрейленудің қажеті жоқ. Тек келісімшартты нақтылау керек. Егер олар зауыт салып, мәселен, сол зауытта 5000 адам жұмыс істесе, соның 5 пайызы ғана Қытай елінің азаматы болуы керек дегендей шарт қою керек. Жергілікті мамандарды тәрбиелеген соң ол елдің мамандары еліне қайтуы тиіс деген нақты келісімшарт бекітілуі тиіс. Сонда әділетті болады. Олар құрған зауыттар экологиямызға зиянын тигізбеуі керек. Қазақстандық жұмысшылардың айлығы ойдағыдай болғаны жөн. Соны қадағаласақ, қауіп-қатер жоқ. Біз үшін дәл қазір Ресей қаупі басым деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша, Бектенов Үкіметі ең алдымен қандай мәселені шешкені жөн?
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейту қажет. Қолда бар заң аясында да көптеген істі атқаруға болады. Министрлер кабинетінде, әкімдікте мемлекеттік тілді білмейтін адамның жұмыс істеуге қақысы жоқ. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті.
Басқаны былай қойғанда, ономастика саласында шешуге тиіс дүние көп. Былтыр Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов «3000 елдімекен мен көше атауларын ауыстырамыз» деп еді, көп өтпей орнынан алып тастады.
Бектенов Үкіметі ұлттық мәселелерді шешпесе, бұрынғы Үкіметтерден айырмашылығы болмайды. Соны ескергені жөн.










