Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Душанбедегі Меллат сарайында бүгін, 10 қазанда Тәжікстанға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасы Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мұхаммадбақер Қалибафты қабылдады.
Еуразия Тудейдің Тәжікстан президенті сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша кездесуде Тәжікстан-Иран қарым-қатынасының, соның ішінде екі ел арасындағы парламентаралық байланыстың мәселелері талқыланды.
Эмомали Рахмон кездесудің басында дос және бауырлас ел Иранды аймақтағы маңызды серіктес деп санайтынын мәлімдеді.
Кездесуде сонымен қатар Тәжікстан мен Иранның түрлі саладағы қарым-қатынасын дамыту мен кеңейтудегі екі ел парламенттерінің рөліне ерекше назар аударылды.
Сонымен бірге, тараптар конструктивті парламенттік диалогты жалғастыруға және парламентаралық достық топтарының қызметін нығайтуға бейілділіктерін растады.
Сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық, энергетикалық, көлік-транзиттік, ауыл шаруашылығы және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің екі елдің мүддесіне қызмет ететіні баса айтылды.
Мәдени ынтымақтастықты кеңейту және ортақ құндылықтарды қорғау бойынша парламенттердің басқа да міндеттері айқындалды.
Тараптар сондай-ақ, аймақта және әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатудағы парламентаралық ынтымақтастықтың рөлін жоғары бағалады.
Айта кетейік, Иранның жергілікті БАҚ-ның хабарлауы бойынша Иран Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы Мұхаммед Бақер Қалибаф кеше, қазанның тоғызы, сәрсенбі күні түнде елінің парламенттік делегациясының басында Тәжікстан астанасы Душанбеге келді.
Тәжікстанның жоғары лауазымды тұлғаларының шақыруымен Душанбеге келген Қалибаф осы елдің президенті Эмомали Рахмонмен кездесумен қатар Ұлттық Парламенттің спикері Рустам Эмомалимен, Өкілдер палатасының спикері Мохаммад Тахер Закерзадемен де кездесіп, сұхбаттасады.
Иран Заң шығарушы органының басшысы сапар барысында «Тәжікстан Республикасы Конституциясының қабылдануының 30 жылдығы» халықаралық конференциясына да қатысып, осы салтанатты жиында сөз сөйлейді.
Қалибаф Теһраннан Душанбеге аттанар алдында тілшілерге берген сұхбатта бұл жиынды сионистік режимнің геноциді туралы айту үшін жақсы мүмкіндік деп атаған болатын.



















