Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанға ресми сапары қарсаңында Ашхабадта ҚР мәдениет күндері өтті.
Еуразия Тудейдің ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, іс-шаралар Қазақстан өнер шеберлерінің қатысуымен Түркіменстанның Мемлекеттік мәдениет орталығының Мукамов сарайында кеше, қазанның 9 күні 850 көрермен қатысқан гала-концертпен қорытындыланды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің «Шаттық елі» шығармасымен ашылған концертте Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлішер Кәрімов және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Расул Жармағамбетов, Абылай Тілепберген және Таңат Сәденов өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Бірлік» би ансамблі де көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркіменстан мәдениет министрі Атагелді Шамурадов, мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус және екі елдің шығармашылық зиялы қауымы қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған Қазақстан мәдениетінің күндері Ашхабадта 7-10 қазан аралығында өтті. Қазақ мәдениетімен танысу көркем фильмдердің көрсетілімінен басталып, көрермен қазақ хандығы туралы «Ұлы дала таңы» тарихи фильмі мен шынайы оқиғаларға негізделген «Паралимпиец» фильмін тамашалады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Ашхабад тұрғындары мен қонақтары осы күндері қазақ кинематографиясымен, музыка өнері және ұлттық дәстүрлерімен танысты.
Ал, бүгін, Ашхабадта Қазақстан мен Түркіменстан мемлекет басшыларының қатысуымен ұлы ақын Абай Құнанбаев ескерткішінің ашылу салтанаты «Лачын» саябағында өтеді.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркіменстан Мәдениет министрлігінің бірігіп ұйымдастыруымен Түркіменстанның Қазақстандағы мәдениет күндері 2024 жылдың маусым айында Астана қаласында өткен болатын.



















