Иранның Атом қуаты ұйымының басшысы Мұхаммед Еслами ядролық технологияны өте ауқымды әмбебап ғылым деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Еслами Иран телерадиокорпорациясы ақпарат агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатта ядролық технологияны өте ауқымды әмбебап ғылым деп атап, оның өнеркәсіптің әрүрлі саласында өндіріс пен өнім жинау әдістерін жетілдіруге қабілетті екенін айтты.
Еслами ядролық технологияны жергіліктендіру арқылы күріштің гектарынан алынатын өнімді 2,5 есеге арттырғандарын мәлімдеп: «Күрішті залалсыздандыру және өндіріс қуатын арттыру ауыл шаруашылығы саласындағы ядролық қызметтің бейбіт бөлігі болып табылады. Бұл шаралар арпа мен бидай сияқты тұқымдарда да қабылданды.
Сәулеленудің көмегімен ауыл шаруашылығы тұқымдары саласында зиянкестермен күресуге, ластануды азайтуға және тұқымдарды тұздылық пен су тапшылығына төзімді етуге болады. Бұл 130 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру қуатына ие Иран үшін үлкен көмек.
Елдің өсімдіктерін сақтау азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етеді. Ядролық ғылымның көмегімен ауыл шаруашылығындағы шығындарды азайтуға болады», — деді.
Айта кетейік, Иран сияқты климаты құрғақ, су тапшылығы айқын сезілетін және азық-түлік тәуелсіздігіне ұмтылатын мемлекет үшін бейбіт атомды ауыл шаруашылығында қолдану — жай ғана инновация емес, стратегиялық қажеттілік.
Иран үшін атом энергиясы тек энергетика немесе геосаяси ықпал құралы емес, бұл — елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының кепілі. Сыртқы санкциялар жағдайында ауыл шаруашылығын ядролық технологиялар арқылы жергіліктендіру және модернизациялау Иранға импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.












