Франция Сыртқы істер министрлігі осы елдегі АҚШ елшісін шақыру туралы шешім қабылдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Франция Сыртқы істер министрлігі Nemesis қозғалысының белсендісі Кантен Деранктың өліміне қатысты АҚШ елшілігі мен Ақ үйдің жасаған мәлімдемелеріне байланысты Америка елшісін шақыртуды жоспарлап отыр. Бұл туралы кеше, жексенбі күні Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі жұма күні Деранктың өліміне кінәлілерді жауапқа тартуға шақырып, саяси зорлық-зомбылыққа жүгінген радикалды солшылдарды айыптады.
Франциядағы АҚШ елшілігі де белсендінің қазасына радикалды солшылдарды кінәлап, Деранк ісіне қатысты жағдайды бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Франция Сыртқы істер министрі: “Біз АҚШ-тың Франциядағы елшісін Сыртқы істер министрлігіне шақыртамыз. Себебі Америка елшілігі тек француз қоғамына қатысты түсініктеме берді. Біз бұл оқиғаны саяси мақсатта пайдалануды үзілді-кесілді жоққа шығарамыз”,- деді.
Барро сондай-ақ “халықаралық реакционерлер” деп атаған тұлғалардан саяси зорлық-зомбылық жөнінде сабақ алудың қажеті жоқ екенін баса айтты. Алайда министр нақты кімді меңзегенін нақтылаған жоқ.
Le Point басылымының мәліметінше, Францияда оңшыл және солшыл радикалдар арасында зорлық-зомбылық сипатындағы қақтығыстар саны 2024-2025 жылдар аралығында бір жарым есеге өскен.
Айта кетейік, 23 жастағы Кантен Деранк Лион қаласындағы университет алдында солшыл белсенділермен болған жаппай төбелес кезінде соққыға жығылып, қаза тапты. Франция Президенті Эммануэль Макрон осы оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.


















