«Фрегзиттің» жақтастары «Макрон, жоғал!» деген ұранмен көшеге шықты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Францияның Еуропалық одақтан шығуын қолдайтын жүздеген наразылық білдіруші сенб күні Париждің орталығында жиналып, Франция президенті Эммануэль Макронға қарсы ұран тастады.
Олар елдің Еуропа одағы мен НАТО-дан шығуын және Украинаға әскери қолдау көрсетуді тоқтатуды талап етті.
«Russia Al-Youm» телеарнасының хабарлауынша, бұл шеру Францияның «Отаншылдар» партиясының көшбасшысы Флориан Филиппоның шақыруымен Париждегі «Пале-Роял» алаңында ұйымдастырылды.
Шеруге қатысушылар қолдарына «Макрон, кет!» және «Фрегзит пен қолдау көрсетіңіздер!» деген мазмұндағы плакаттар ұстап, Францияның Украинаға қолдау көрсетуін жалғастыруына қарсы ұрандар айтты.
Филиппо бұл жиында өз партиясының ұстанымын растап, Францияның Еуропалық одақ пен НАТО-дан шығуы керектігін, сондай-ақ Украинадағы соғысты қаржыландыруды және Киевке қару-жарақ жіберуді тоқтатуы қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ, Франция үкіметі Украинаға жұмсайтын қаражат ел ішіндегі жанар-жағармай салықтарын төмендетуге және халықтың экономикалық мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс екенін баса айтты.
Бұл шеруді қолдаушылар өздерінің басты ұраны ретінде «Күнелту үшін арпалысу емес, өмір сүру, бейбітшілік пен еркіндікте өмір сүру» дегенді жариялаған болатын.
«Отаншылдар» партиясы мұның алдында Францияның түрлі аймағында осындай шерулердің өтетінін хабарлады.
Бұл наразылық акциясы Францияда студенттердің жаппай наразылықтары мен полиция арасында қақтығыс жүріп жатқан уақытта өткізілді. Дегенмен, Фрегзит жақтастарының бұл жиыны студенттік наразылықтардан бөлек, саяси талаптар мен Францияның сыртқы саясатына негізделіп ұйымдастырылды.
Айта кетейік, “Фрегзит”, ағылшынша Frexit, яғни France пен exit сөздерінің қосындысы — Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына (Brexit) ұқсас, Францияның Еуропалық одақтан шығуын білдіретін саяси термин.
Бұл ұғымды әдетте Францияның Еуропалық одақ, НАТО сияқты батыстық ұйымдармен интеграциясына қарсы ұлтшыл және еуроскептик саяси күштер қолданады. Бұл жақтастар Франция өз егемендігін, ұлттық валютасын және сыртқы саясатындағы тәуелсіздігін толық қайтарып алуы керек деп санайды.












