Ғаза секторындағы Үкіметтік ақпарат бюросы босқын отбасылардың жалпы саны 2 миллион 150 мыңнан астам адамнан асқанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің Yjc.ir сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша бюро деректеріне сәйкес, босқындардың 1 миллион 27 мың 396-сы уақытша паналау орталықтарында болса, 1 миллион 122 мың 566 адам бұл орталықтардан тыс жерлерде күн кешуде.
Жалпы босқын отбасылардың 196 мың 287-сі тозығы жеткен әрі адам тұрғысыз шатырларда өмір сүріп жатыр. Ақпарат бюросы қыс мезгілінің жақындауына байланысты адамзаттық апат болуы мүмкін екенін ескертіп, бұл тозған шатырларда аса әлсіз топтардың, соның ішінде 46 мың 14 қарт адамның, 23 мың 584 жесір әйелдің, 59 мың 795 жетім баланың, 15 мың 687 мүмкіндігі шектеулі жанның күн кешіп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар жылыту құралдары мен қауіпсіз баспананың жоқтығынан жарты миллионнан астам бала суықтан, өлім қаупінен және жұқпалы аурулардан зардап шегуде.
Аталған мекеме халықаралық қоғамдастықтан Израиль режимі қойған шектеулерді жою үшін батыл әрі шұғыл түрде қысым жасауды сұрады.
Сонымен бірге баспанамен қамту кезінде жалғызбасты әйелдерге, жүкті және бала емізетін аналарға, балаларға, қарттарға және науқастарға бірінші кезекте басымдық берілуі қажеттігі баса айтылды. Бюро БҰҰ жанындағы ұйымдар мен донорлық мекемелерді баспана беру, үйінділерді тазалау, қайта қалпына келтіру және инфрақұрылым мен канализация жүйелерін жөндеу бағдарламаларын қаржыландыруды күн тәртібінің басты мәселесі етуге шақырды.












