Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2023 жылғы 13 қыркүйекте Гонконгта өткен «Бір белдеу — бір жол» VIII Саммитіне қатысып, сөз сөйледі.
Саммит барысында Арман Шакқалиев Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын ірі көлік хабына айналу жөніндегі ауқымды жоспарларын айтты.
«Қытай 2022 жылы тауар айналымының көлемі 24,2 млрд долларды құрайтын Қазақстанның екінші ірі серіктесі. Арнайы экономикалық аймақпен сауда серпіні қарқынды өсуде: өткен жылы Қазақстан мен Гонконг арасындағы екіжақты сауда 91%-ға өсіп, 51,8 млн долларға жетті. Біз Қытайға 1 млрд долларды құрайтын 135 тауар позициясы бойынша, Гонконгқа 600 млн доллардан астам сомаға 100 тауар позициясы бойынша шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға дайынбыз», — деп мәлімдеді Арман Шаққалиев.
Сонымен қатар Арман Шакқалиев Гонконгтың АӘА басшысы Джон Лимен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтудің ықтимал нұсқаларын талқылады.
Арман Шакқалиев Қытаймен қарым-қатынасты дамыту — Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Туризмді жандандыру мақсатында қазақстандық тарап тікелей авиарейстерді жаңартуды және Қазақстан мен Гонконг арасындағы визасыз режимді 14 күннен бір айға дейін ұлғайтуды ұсынды. Бұл сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Арман Шәкқалиев Қазақстан Үкіметі атынан Джон Лиді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.


















