Иранға қарсы жаңа соғыс бастау — қате қадам.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Хакан Фидан: “Иранға шабуыл жасау — қателік. Соғысты қайта бастау — қателік. Егер сіздер келіссөзді бастасаңыздар, Иран ядролық құжаттаманы талқылауға қайта дайын болады”, — деді.
Түркия Сыртқы істер министрінің пікірінше, барлық мәселені бір пакетте ұсыну әрекеті келіссөз үдерісін қиындатады.
Фидан: “Мен америкалықтарға Иранмен арадағы мәселелерді біртіндеп шешу керек деген кеңес беремін. Алдымен ядролық мәселені бастап, оны жауып, содан кейін басқа тақырыптарға көшу қажет. Егер мұның бәрін бірден ұсынсаңыздар, ирандық достарымызға мұны қабылдау әрі түсіну өте қиынға соғады. Мұны тек оларға ғана емес, басшылыққа да түсіндіру оңай емес. Үдерісті барынша төзімді ету көмектеседі деп ойлаймын”, -деді.
Cондай-ақ Түркия Сыртқы істер министрі АҚШ-тың мемлекеттік емес акторларды шеттетіп, негізінен күшті орталықтандырылған мемлекеттермен әрекеттесетін аймақтық жаңа жүйенің қалыптасуы жағдайында Иранның орны қандай болуы тиіс деген сұраққа пікір білдіріп: “Иран шынымен де өте тиімді жағдайда болуы мүмкін. Мен қазіргі статус-кво туралы емес, Иран көрсете алатын мүмкіндіктер мен әлеует туралы айтып отырмын”,- деді.
Министр екі ай бұрын Иранда болғанын, сол кезде ирандық әріптестерімен бұл мәселені ашық талқылағанын еске салып, өңірде сенім қалыптастырудың маңызын атап айтты.
Фидан сөзінің соңында: “Олар аймақ елдерінің өздерін қалай бақылап отырғанына назар аударуы керек. Өйткені олар ешқайда кетпейді, біз де ешқайда кетпейміз. Неліктен бұл маңызды? Өйткені ұлттық мемлекеттер жүйесі аясында біздің идеологиямыздағы, режиміміздегі, конфессиямыздағы және басқа да ерекшеліктеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, өз өңірімізде қалай ынтымақтасып, бірге жұмыс істеу керектігін түсінуіміз қажет”, -деді.















