Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде Иран мен Қазақстанды табиғи серіктестер деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Хатибзаде бұл туралы Казинформ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді.
Тілші: Қазақстан Иранды несімен қызықтыруы мүмкін? Ал Иран Қазақстанға не ұсына алады?
Хатибзаде: Иран мен Қазақстан табиғи серіктестер. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Иран алғашқылардың бірі болып осы елде өз елшілігін ашты. Бұл Қазақстанмен қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетеді. Мұның көптеген себебі бар, соның бірі — жақындығымыз. Біз Каспий теңізінің арғы жағындағы көршіміз. Сондықтан көршілер барлық салада: экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық, тіпті әлеуметтік салаларда терең байланыста болуы керек. Біздің қарым-қатынасымыз соңғы бірнеше онжылдықта белсенді дамып келеді.
Иран — маңызды транзиттік жол. «Солтүстік-Оңтүстік дәлізі Иран Ислам Республикасы арқылы өтіп, оңтүстік теңіздерге шығуды қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстанның дамуы үшін маңызды. Біздің елдеріміз аймақтық және халықаралық ұйымдар аясында жақсы қарым-қатынасқа ие. Біздің мемлекеттер Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) және Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫҰ) сияқты ұйымдардың мүшелері болып табылады. Біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) аясында да тығыз ынтымақтасамыз. Біздің халықтарымыздың арасында тарихи байланыс бар. Бір сөзбен айтқанда, елдеріміз арасында достық, бауырластық қарым-қатынас дамып келеді.
Тілші: Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 340 миллион доллардан асқаны белгілі. Оны көбейтуге талпыныс жасала ма?
Хатибзаде: Біздің елдер арасындағы тауар айналымы екі миллиард доллардан асқан кезеңдер болды. Сондықтан бұл үрдістің жалғасын табуы — заңдылық. Қазақстан басшылығының Иранға соңғы сапары барысында мемлекет басшылары өзара тауар айналымын үш миллиард долларға жеткізу туралы шешім қабылдады. Бұл әртүрлі экономикалық шешімдерді қажет ететін елеулі көрсеткіш. Қазақстандағы Иран елшілігі мен Қазақстанның Ирандағы елшілігі осы мақсаттарға қол жеткізу және елдеріміздің мемлекеттік және жеке секторлары арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бағдарламалар әзірледі. Жаңа жобаларды анықтау керек. Бұл мәселелер екі елдің үкіметаралық комиссиясының жиырмасыншы отырысы барысында да сөз болды. Жақында Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы астық мәселесі бойынша келіссөз жүргізу үшін Қазақстанға келеді. Осының барлығы мемлекет басшылары алға қойған мақсаттарға жету жолындағы екі жақтың күш-жігерін көрсетеді.
Тілші: Иран президенті биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанға келеді ме ме? Олай болса, сапар барысында қандай негізгі мәселелерді талқылау жоспарлануда?
Хатибзаде: Иә, атап өткенімдей, өзара қарым-қатынасты жақсарту бойынша нақты жоспарлар бар. Нақтырақ айтсақ, Иран Ислам Республикасының президенті доктор Пезешкиан жоғары деңгейдегі делегацияны бастап, екіжақты қарым-қатынасқа кең шолу жасап, өзара ынтымақтастықты талқылау үшін биылғы жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасына сапарын жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта әртүрлі саладағы жиырмадан астам құжат әзірлену деңгейінде. Тараптар Сыртқы істер министрліктері мен Экономика министрліктері арқылы сапардың сәтті өтуі үшін бағдарламаны мұқият дайындауда.
Жақында халықаралық ақпарат құралдары Иранда хиджаб кию талабы жойылды деп жазды. Бұл ақпарат рас па?
Тілші: Иран заңында белгіленген және ирандық отбасылар киетін хиджаб Иранда қолданыстағы заңдарға сәйкес бар. Әрине, кез келген қоғамда өзгеріс болып тұрады. Иран қоғамы серпінді, мұнда әртүрлі пікірлер талқыланады. Иран қоғамы дәстүрлі, мұсылман, сонымен қатар жастары белсенді. Сондықтан Иран қоғамындағы кез келген өзгеріс дәстүрлі ирандық болмыстан бастау алады. Шамамен жүз жыл бұрын, Қажарлар дәуірінде ер адамдар шапан, тақия және дәстүрлі қалпақ сияқты әртүрлі киім кигенін білу қызық болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе дәстүрлі киімдер бірте-бірте өзгеріп, костюм-шалбар киіле бастады. Бірақ біз ирандық, мұсылман болып қала береміз. Сондықтан әлеуметтік өзгерістерді әлеуметтік тұрғыдан, заң шеңберінде, әлеуметтік ымыра ретінде қарау керек. Иран қоғамының айрықша ерекшелігі – толеранттылық, қағидалар мен дәстүрлерді құрметтеу.
Тілші: Иран президентінің су дағдарысы туралы мәлімдемелерін ескере отырып, астананы Тегераннан басқа қалаға көшіру жоспары бар ма? Құрғақшылықтың салдарын жою үшін үкімет қандай шара қабылдауда?
Хатибзаде: Иран географиялық жағынан қуаң аймақта орналасқан. Алайда Иранның солтүстік аймақтарында, Каспий теңізінің жағалауы мен Әзірбайжанмен шекарасында Жерорта теңізі климаты қалыптасқан. Жауын-шашын мол таулар мен ормандар бар. Иранда негізінен құрғақ климат. Соңғы төрт жылда біз соңғы 50 жылдағы ең ауыр құрғақшылықты бастан өткердік. 10-12 миллион халқы бар, күндіз 14 миллионға дейін жететін Тегеран сияқты ірі қалалар сумен қамтамасыз ету мәселесіне тап болып отыр. Өздеріңіз білетіндей, Ислам революциясынан бері бөгет құрылысы 1000 пайыздан астам өсті. Барлық мүмкін жерлерде су шаруашылығы нысандары салынды. Соған қарамастан табиғи су тапшылығына тап болып отырмыз. Тегеранның су ресурстарына қысымды жеңілдету үшін түрлі ұсыныс жасалуда.
Айта кетейік, 2025 жылғы 15 қазанда Астанадағы ЭКСПО бизнес кешенінде Astana Think Tank Forum 2025 «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйедегі сенімді қалпына келтіру» тақырыбымен өтті.
Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Саяси және халықаралық зерттеулер институтының (IPIS) президенті Саид Хатибзаде осы форумға қатысты.












