Әзербайжан Президенті Илһам Әлиев Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевті қабылдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, 6 қазан күні өткен кездесуде Кубанычбек Омуралиев Президент Илһам Әлиевке Әзербайжанның Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық беделін арттыруға және ұйымға мүше және бақылаушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, тараптар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің ХІІ саммитінің “Аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздік” тақырыбына бағытталғанына баса назар аударып, шара барысында ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланатынын қуаттады.
Әзербайжан Президенті Илһам Әлиев саммиттің түркі әлеміндегі достықты, ынтымақ пен әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
Тараптар әңгімелесу барысында Әзербайжан мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасты.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы 2009 жылы құрылды. Ұйым құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Түркіменстан мен Мажарстан — ұйымның бақылаушы елдері.



















