Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи елінің уранды байыту үшін өзгелердің рұқсатын күтпейтінін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Әли Хаменеи имам Хомейни атындағы хосейниеде өткен Иранның марқұм Президенті Ибраһим Раиси және онымен тікұшақта бірге болған сенімді серіктерін еске алуға арналған салтанатты шара барысында айтты.
Хаменеи шарада сөйлеген сөзінде: “Иранға уран байытуға рұқсат бермейміз деген америкалықтар қатты қателеседі. Иран Ислам Республикасы ешкімнің рұқсатын күтпейді. Америка “Сес көрсетіп, пара және қулық арқылы Иранды тікелей келіссөздер үстеліне отырғыза алдық” деп айту мақсатында тікелей келіссөз жүргізуді талап етті. Марқұм Раиси бұған жол бермейтін еді.
Ибраһим Раиси Президент болған тұста қазіргіге ұқсас жанама келіссөздер жүргізілді. Бірақ нәтиже болмады. Енді келіссөздер нәтижелі болады деп ойламаймыз. Біз не болатынын білмейміз.
Күш бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін пайдаланылуы қажет. Сондықтан күн сайын өз күшімізді, елдің қуатын арттырамыз.
Келіссөздерге қатысушы қарсы тарапқа “Бос сөз айтпауға тырысыңдар. Иранның уран байытуына жол бермейміз деп мәлімдеу үлкен қателік. Ислам республикасы ешкімнен рұқсат күтпейді” деп ескерткім келеді”, — деді.

















