Иранның әуе компаниялары санкцияларға байланысты Еуропаға рейстерін тоқтатты.
Еуразия Тудейдің Sputnik агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұған дейін Еуропаға рейстерді Иранның Iran Air компаниясы орындап келген болатын.
Иран әуе жолдары қауымдастығының хатшысы Мақсуд Асаади Самани ирандық ILNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында елінің әуе компаниялары енді Еуропаға ұшпайтынын мәлімдеді.
Самани бұған дейін Еуропаға ұшатын жалғыз ирандық әуе компаниясы Iran Air компаниясы болғанын тілге тиек етіп, енді бұл компания Еуропалық Одақтың жуырда енгізген жаңа санкцияларына байланысты рейстерін тоқтататынын айтты.
Еуропалық Одақ Iran Air компаниясынан басқа тағы екі ирандық Mahan Air және Saha Airlines әуе компанияларын да санкциялар тізіміне енгізген.
Айта кетейік, Еуропалық Одақ елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі дүйсенбі күні Люксембургте өткен отырыс қорытындысы бойынша «Ресейге баллистикалық зымырандар жеткізілді» деген күдікпен Иранға қарсы санкция салу туралы шешім қабылдады.












