Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы АҚШ халқына арналған 25 беттен тұратын хат дайындады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының өкілі Хоссейн Мохебби Тегеранда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Мохеббидің айтуынша, ұйым бұл жолы АҚШ халқына тікелей үндеу жасауды ұйғарып, 25 беттік хатта Иранға жасалған шабуылдардың шынайы себептерін баяндамақ. Сондай-ақ онда Вашингтон әкімшілігі Америка халқының мүддесінен гөрі Израильдің мүддесін жоғары қояды деген тұжырым айтылады.
Сонымен қатар, Мохебби бұл хатта әскери өнеркәсіпке миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен, АҚШ әлем халықтарының жеккөрушілігінен басқа ешнәрсеге қол жеткізбегені айтылатынын мәлім етті.
Мохеббидің айтуынша, Америка Құрама Штаттарын қоршап жатқан мұхиттар мен көрші елдердің әскери әлсіздігінен Вашингтон тікелей қауіп-қатерге тап болып отырған жоқ.
Сонымен қатар ол АҚШ-тың қорғаныс бюджеті 1,1 триллион долларға жеткенімен, Иран мен Ауғанстан сияқты қорғаныс бюджеті әлдеқайда төмен мемлекеттерге қарсы жасалған әскери интервенциялар Вашингтонға ешқандай табыс әкелмегенін атап айтты.
Мохебби: «АҚШ Ауғанстанда 85 миллиард долларлық қаруды қалайша қалдырып, қашып кетті? Неліктен олар Ираннан жеңіліс тапты? Энергетикалық ресурстар мен теңіз активтеріне бай Америкада неге 39 миллион кедей адам көшеде өмір сүріп жатыр? АҚШ халқы бұл сұрақтарды өзіне қойып, осы хатты мұқият оқып шығуы және шындықты білуі тиіс», — деді. Ол АҚШ халқы осы қайшылыққа назар аударып, тиісті сұрақтарды қоюы керектігін баса айтты.
Сондай-ақ Мохебби америкалық басшылар үшін өз халқының пікірі мен экономикалық жағдайы маңызды емес екенін, олардың басты әрі жалғыз басымдығы — Израильдің мүддесі екенін мәлім етті.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының өкілі: «Біз жол апатына ұшыраған АҚШ азаматының жедел жәрдем ақысын төлеуге ақшасы болмауы мүмкін екенін білеміз. Бұл америкалық басшылардың өз халқы туралы мүлде ойламайтынын анық көрсетеді», — деді.
Мохеббидің сөзінше, бұл хат америкалықтарға АҚШ әкімшілігінің қылмыстары мен кісі өлтіру деректері туралы шындықты білуге жол ашады.
Хоссейн Мохебби: «Соңғы 70 жыл ішінде АҚШ әртүрлі елдерге шабуыл жасады. Нәтижесінде қарыз бен бүкіл әлемнің жеккөрушілігінен басқа не алды? Осыншама шабуыл, басқыншылық не үшін жасалды? Осы қарыздардың бәрі АҚШ халқының мойнына түсіп отыр. Біз хатымызда дәл осы туралы айтып бердік», — деді.
Мохебби Ғаза секторында 21 мың бала Америка Құрама Штаттарының Израильге берген қару кесіριнен қаза тапқанын баса айтып: «Бірақ соған қарамастан, Ислам революциясы Сақшылар корпусын лаңкестік ұйым деп жариялап отыр. Қандай негізбен?» — деді.
Сонымен қатар, Хоссейн Мохебби АҚШ Иракқа басып кірер алдында бұл елде ядролық қару бар деп жалған мәлімдегенін еске салып, сол өтіріктің кесірінен миллионға жуық адамның қаза тапқанын айтты. Ол: «Олар Иракты апатқа ұшыратты, содан кейін барып онда ядролық қарудың болмағанын мойындады», — деді.
Сондай-ақ Мохебби ирандықтар «Америкаға өлім» ұранын айтқанда АҚШ-ты жер бетінен жойып жіберуді мақсат етпейтінін, тек Вашингтонның қылмыстық әрекеттерін тоқтатуды талап ететініне тоқталып: «Егер АҚШ өз қорғаныс бюджетінің ең болмағанда 5 пайызын адамзаттың игілігіне жұмсаса, бүкіл әлем жақсы көретін елге айналар еді», — деді.
Мохебби сонымен қатар «Иран ядролық қару жасауға ұмтылып жатыр» деген айыптаулар бұл елдің табиғи байлықтарын тартып алу үшін ғана сылтау ретінде қолданылатынын алға тартты.
Ол: «Олардың «Иран бірнеше аптадан кейін ядролық қаруға ие болады» деп айтып келе жатқанына 25 жыл болды. Сол «бірнеше апта» деп айтқандары 25 жыл ішінде шынымен бітпеді ме? Егер сіз ядролық қаруға қарсы болсаңыз, неліктен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шықтыңыз? Неліктен ядролық қаруды өндіруге және қолдануға түбегейлі қарсы шыққан Жоғарғы көшбасшымызды өлтірдіңіз?», -деді.
«Анадолу» агенттігі тілшісінің «Бұл хат АҚШ-тағы сайлауға әсер ете алады деп ойлайсыз ба?» деген сұрағына Мохебби Тегеранның мұндай мақсаты жоқ екенін айтып: «Біз тек АҚШ халқының шындықты білгенін қалаймыз», — деп жауап берді.
Аймақтағы америкалық әскери базалар жайлы сөз қозғаған Мохебби: «Бұл базалар қазір өз маңызын жоғалтты. Өңір елдері АҚШ бұл жаққа қауіпсіздік әкелмейтінін әлдеқашан түсінді», — деді.
Оның айтуынша, қазір аймақ мемлекеттері өзара қауіпсіздік саласында келісімдер жасасып жатыр, ал бұл бағыттағы алғашқы қадам — Мекке бірлескен қорғаныс келісімі болды.
Сонымен қатар, Мохебби АҚШ-тың Иранға қарсы ұйымдастырған теңіз блокадасын «соғыс актісі әрі адамзатқа қарсы қылмыс» деп атады.
Ол Иран теңіз блокадасының елге зиян тигізуіне жол бермейтінін мәлімдеді. Мохеббидің пікірінше, Иранның 15 көршісі бар, сондықтан АҚШ Тегеранның көрші мемлекеттермен орныққан терең байланыстарын ешқашан бұза алмайды.












