Иран Үкіметінің баспасөз хатшысы Фатеме Моһаджерани Тегеранның сенбі күні Оманда басталатын АҚШ-пен алдағы келіссөздегі негізгі талаптарын жариялады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, сейсенбі күні Фатеме Моһаджерани апта сайынғы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Иранның диалогқа әрқашан сенетінін, екінші тарап құрметпен сөйлессе, Тегеранның келіссөздерге дайын екенін қуаттады.
Иран Үкіметінің баспасөз хатшысы келіссөз туралы алдын ала түсініктеме беру ертерек болатынын айтып: “Сыртқы істер министрі хабарлаған алдағы келіссөз Оманда тікелей өтпейді. Біз үшін бұл келіссөздегі ең маңыздысы — ұлттық мүддені қорғау және Иран халқының негізгі талаптарын қанағаттандыру.
Біз келіссөз жүргізуші тарап ретінде бұл келіссөзге тең дәрежеде қарап, ұлттық мүддемізді қорғайтын және халқымыздың жағдайын жақсартатын үдеріске ұмтыламыз”, — деді.
Айта кетейік, сейсенбі күні таңертең Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Тегеран мен Вашингтон сенбі күні Оманда жоғары деңгейдегі жанама келіссөздер жүргізетінін хабарлап, мұны АҚШ үшін “мүмкіндік және сынақ” деп атады.












