Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Америка Құрама Штаттарының ұсынысына теріс жауап берді.
Иранның Press TV телеарнасының мәліметінше, Тегерандағы үкімет өкілі соғыстың АҚШ президенті Дональд Трамп қалаған кезде емес, Иран оны тоқтатуды ұйғарған кезде аяқталатынын мәлімдеді.
Исламабадтағы екі үкімет өкіліне сілтеме жасаған AFP агенттігінің мәліметінше, Америка Құрама Штаттарының 15 тармақтан тұратын жоспары Иранға Пәкістан арқылы жеткізілген.
The New York Times басылымының хабарлауынша, жоспарда Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру және Иранның ядролық бағдарламасына қатаң шектеу қою қарастырылған.
Құжатқа сәйкес, тараптар бір айға бітім жариялауы керек және осы уақыт ішінде Вашингтонда АҚШ-тың ұсынысы негізінде келіссөздер жүргізуі тиіс. Жоспарда Ирандағы билікті ауыстыру қарастырылмаған.
Сонымен қатар, Ұлыбритания мен Францияның Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесі бойынша келіссөздер ұйымдастыруға ниетті екені белгілі болды. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі AFP дереккөзінің мәліметінше, апта соңына дейін шамамен 30 елдің әскери өкілдерінің қатысуымен кездесу өтуі тиіс. Мұндағы негізі мақсат- бұғазды ашу үшін коалиция құру.
Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ирандағы соғысты реттеу үшін арнайы өкіл тағайындады. Француз дипломаты Жан Арно осы бағытта ұйым атынан жұмыс жүргізеді. Бұған дейін Жан Арно БҰҰ-ның Ауғанстан, Колумбия және Боливиядағы өкілі қызметтерін атқарған.
Антониу Гутерриштің айтуы бойынша, бұл соғыс бақылаудан шығып кетті. Гутерриш АҚШ пен Израильді әскери әрекеттерді тоқтатуға шақырып, Ираннан Парсы шығанағындағы елдерге жасалатын шабуылдарды доғаруды талап етті.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сүйеніп, Тегеранның АҚШ-пен ықтимал келіссөздер алдындағы жаңа талаптарын жариялады. Иран Парсы шығанағындағы барлық америкалық базаларды жабу, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары үшін өтемақы төлеу, сондай-ақ Ормұз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алу талаптарын атап, санкцияларды толық алып тастауды, ядролық бағдарламасын толық сақтауды, соғыстың қайта басталуына жол бермейтін кепілдіктерді және Ливандағы Хезболла тобына қарсы шабуылдарды тоқтатуды талап етті.
Дональд Трамп 23 наурыз күні Иран басшылығымен келіссөздер өткенін және Иранның энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасауды бес күнге тоқтата тұру туралы тапсырма бергенін мәлімдеді. Алайда Тегеран Трамптың мәлімдемесін жоққа шығарып, ондай келіссөздердің болмағанын мәлім етті.
Қазіргі таңда әлемдік мұнай мен сұйытылған газ қорының шамамен 20 пайызы тасымалданатын Ормұз бұғазының негізгі бағыты Таяу Шығыстағы соғыс жағдайына байланысты толық тоқтатылған.















