Иран Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысында саясиландыру, қос стандарттар және оның рәсімдерін таңдамалы түрде қолдану орын алып жатқанын қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы БҰҰ-дағы Иранның елшісі әрі тұрақты өкілінің орынбасары Ғоламхоссейн Дарзи Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс әдістеріне арналған отырыста мәлімдеді.
Дарзидің айтуынша, АҚШ пен Кеңестің бірқатар мүшесі Иранға қатысты саяси астары бар айыптауларды ілгерілету мақсатында Қауіпсіздік Кеңесінің рәсімдері мен отырыстарын пайдалануға тырысқан.
Иран өкілі Вашингтон мен Тель-Авив Қауіпсіздік Кеңесін Ислам Республикасын қаралайтын алаңға айналдырғанын баса айтты. Оның айтуы бойынша, бұл екі елдің Иранға қарсы жасап отырған басқыншылық әрекеттері БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын, соның ішінде халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын өрескел бұзады.
Дипломат Кеңес өз қызметін қатаң түрде БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық аясында жүзеге асырып, барлық мүше мемлекеттердің егемендігін, саяси тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуі қажет екенін атап айтты.
Кеңестің рәсімдерін БҰҰ Жарғысының қағидаттарын айналып өтуге немесе Қауіпсіздік Кеңесінің заңды мандатынан тыс өкілеттіктерін кеңейтуге пайдалануға жол берілмейді. Кеңестің өкілеттіктері халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ортақ мүддеге сай, сондай-ақ бейтарап түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Ғоламхоссейн Дарзи Кеңес төрағалығына жүктелетін үлкен жауапкершілікті атап айтып, күн тәртібін қалыптастыру сияқты рәсімдік өкілеттіктердің бейтарап түрде орындалуын қамтамасыз ету керектігін мәлім етті. Бұл тетіктер жекелеген мемлекеттердің немесе мемлекеттер топтарының саяси мүддесін ілгерілету құралына айналмауы тиіс.
Иран Қауіпсіздік Кеңесінің ашықтығын, инклюзивтілігін, тиімділігі мен есептілігін арттыруға бағытталған күш-жігерді қолдайтынын, алайда бұл тек БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық талаптарына сай жүргізілуі тиіс екенін баса айтты.
















