Иран сыртқы қысымға қарамастан ұлттық егемендігін қорғау және қарсылық көрсету қағидатынан бас тартпайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи мәлімдеді.
Арақчи Ашураға және Иран дипломатиясының тарихи құжаттарына арналған іс-шарада сөйлеген сөзінде елдің сыртқы саяси бағыты мемлекеттің тәуелсіздігімен тікелей байланысты екенін баса айтты. Министрдің айтуы бойынша, сыртқы қысымға қарсы тұру тек аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі емес. Бұл — ұлттық бірегейлікті сақтау және елдің болашағын өз бетінше айқындау құқығын қорғаудың да маңызды шарты.
Арақчи тарихи тәжірибе мемлекетке сырттан қысым жасалған кезде оның дербестігінен бас тартуы ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсететінін атап айтып: «Иранның іргелі мүдделеріне қатысты шегіністер тікелей аумақтық немесе материалдық шығындардан да ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін»,-деді.
Осыған байланысты Тегеран стратегиялық шешімдерді өз бетінше қабылдау мүмкіндігін сақтауды ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементтерінің бірі санайды. Арақчи сөзінде қақтығыстар барысында қаза тапқандарды еске алу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Тегеран қарсыластық кезінде қаза тапқандардың құрбандығын ешқашан ұмытпайды. Министр бұны саяси әрі моральдық парыз ретінде бағалады. Иран Сыртқы істер министрінің пікірінше, өткен қақтығыстың салдары елдің қазіргі сыртқы саяси ұстанымына да тікелей әсер етіп отыр.
Арақчидің мәлімдемесі Иранның болашақ дипломатиялық келіссөздерге қатысты ұстанымын да айқын аңғартады. Тегеран бұған дейін әскери қимылдарды тоқтату Иранға қарсы шабуылдар доғарылып, күш қолданбау кепілдіктері берілгенде және елдің қауіпсіздігіне құрмет көрсетілген жағдайда ғана мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Бұл ретте, болашақ келіссөздерде қауіпсіздік кепілдіктері, тараптардың жауапкершілігі және жаңа шабуылдарға жол бермеу мәселелері басты орын алуы ықтимал. Тегеранның ұстанымындағы «қарсылық» ұғымы тек әскери әрекеттермен ғана шектелмейді. Бұл түсінік сыртқы қысымға қарамастан, мемлекеттің саяси дербестігін сақтап қалуға бағытталған стратегия ретінде қарастырылады.
Аракчидің айтуы бойынша, Иран үшін кез келген тұрақты келісім қауіпсіздік кепілдіктерін қамтып, қақтығыстың қайтадан күш қолдану сценарийіне ұласуына жол бермеуге тиіс.
















