Тегеран Израильдің Иранның Жоғарғы көшбасшысына бағытталған мәлімдемесін мемлекеттік лаңкестіктің көрінісі деп айыптап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ресми хат жолдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Амир Саид Иравани Дүниежүзілік ұйымдардың басшылығы мен Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне хат жолдап, Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кацтың Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Моджтаба Хаменеиге бағыттап айтқан мәлімдемелеріне реакция білдіруді талап етті. Тегеран бұл мәлімдемені жай ғана өткір саяси риторика емес, аймақтық қауіпсіздікке елеулі салдары болуы мүмкін тікелей қауіп, мемлекеттік лаңкестіктің көрінісі және халықаралық құқықтың іргелі принциптерін бұзу деп атады.
Иравани хатында мұндай мәлімдемелерді кездейсоқ эмоционалдық арандатушылық деп қарастыруға болмайтынын, керісінше, бұл Иранның Жоғарғы көшбасшысына қысым көрсетуді көздейтін Израильдің жүйелі саясатының бір бөлігі екенін баса айтты.
Сонымен қатар, құжатта бұл уәж нақты ескерту ретінде қолданылған, яғни қоқан-лоқы жүзеге асса, Тегеран өз егемендігін, ұлттық қауіпсіздігін және Жоғарғы көшбасшысын қорғау үшін тиісті шара қабылдауға толық құқылы деп есептейді.
Бұл мәлімдеме Исраэль Кацтың Моджтаба Хаменеи туралы айтқан сөзінен кейін, сондай-ақ Дохадағы Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасы мен ұзақ мерзімді атысты тоқтату параметрлері талқыланып жатқан АҚШ пен Иранның техникалық келіссөздері аясында жасалды.
Тегеранның мәлімдеуінше, Израильдің қоқан-лоқылары Исламабад келісімінің негізіне нұқсан келтіреді, ал Израиль өз кезегінде қауіпсіздікті қорғау мәселесі туындағанда ешқандай дипломатиялық шектеумен байланып қалмайтынын алға тартуда.
Осы ұстанымды қуаттай түскен Кац «Ynet» басылымына берген сұхбатында Иран тарапынан жаңа шабуыл жасалған жағдайда Тель-Авивтің күш қолданатынын, бұл шешімнің АҚШ-тың позициясына мүлдем тәуелді емес екенін ашық мәлімдеді.
Осылайша, Иранның БҰҰ-на жасаған үндеуі бірден бірнеше стратегиялық мақсатты көздейді. Бір жағынан, Тегеран төніп тұрған қауіпті халықаралық-құқықтық деңгейде бекітіп, ықтимал эскалация үшін жауапкершілікті алдын ала Израильге жүктеуге тырысады. Екіншіден, Иран Израильдің басты одақтасы әрі меморандумның қатысушысы ретінде АҚШ-қа дипломатиялық қысымды күшейтуді көздейді. Үшіншіден, ирандық дипломатия ішкі аудиторияға биліктің қоқан-лоқыларды жауапсыз қалдырмайтынын, бірақ әзірге әскери күш арқылы емес, халықаралық институттар арқылы әрекет етіп жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Иравани БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін де өткір сынға алды. Оның айтуы бойынша, бұл құрылымның әрекетсіздігі аймақта жазасыздық атмосферасын тудырып, Израильге басқа мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларына қоқан-лоқы көрсету тәжірибесін қалыпты жағдайға айналдыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан Тегеран Қауіпсіздік Кеңесінен Израильді БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауға және басқыншылық әрекеттерді дереу тоқтатуға мәжбүрлеуді талап етті. Алайда Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан мұндай реакцияның болу мүмкіндігі өте шектеулі, өйткені АҚШ Израильдің негізгі одақтасы ретінде вето қою құқығына ие. Сондықтан Ираванидің хаты БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылса да, оның тез арада қарар қабылдауға немесе санкциялық тетіктерді іске қосуға жеткізуі екіталай.
Вашингтон үшін де бұл жағдай тиімсіз. Себебі АҚШ бір жағынан Иранмен келіссөз жүргізіп, деэскалация арнасын сақтап қалуға тырысса, екінші жағынан қауіпсіздік мәселесінде Израильден өзін толық алшақтата алмайды. Дәл осы себепті Израиль министрлерінің кез келген мәлімдемелері келіссөздер үдерісін қиындата түседі. Өйткені, Тегеран оларды жекелеген саясаткерлердің дербес ұстанымы ретінде емес, Израиль мен Американың бірлескен қысымының көрінісі ретінде қабылдайды. Иран, БҰҰ, Амир Саид Иравани, Израиль














