Иран Ормұз бұғазының толығымен Тегеранның бақылауында екенін мәлімдеп, Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің жалғыз шарты АҚШ әскерінің аймақтан толық шығарылуы екенін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық істер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабади Бахрейнде өткен Ормұз бұғазындағы жағдай талқыланған аймақтық қауіпсіздік жөніндегі диалогты сынға алды.
Казем Ғарибабади әлеуметтік желідегі парақшасында бұл әскери жиынның Парсы шығанағында құқықтық тәртіп орнатуға мүлдем қауқарсыз екенін мәлімдеді.
Иран Сыртқы істер министрі орынбасарының айтуы бойынша, Таяу Шығыстың қауіпсіздігін өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау, елдердің егемендігін құрметтеу, жаңа геосаяси шындықтарды қабылдау, ең бастысы Америка Құрама Штаттарының аймақтан кетуі ғана қамтамасыз ете алады.
Айта кетейік, АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) адмирал Брэд Купердің кеше, сәрсенбі күні Бахрейнде аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін Таяу Шығыстағы 12 елдің қорғаныс ведомстволарының өкілдерімен кездесу өткізгенін хабарлады.
Кездесу аясында тараптар қауіпсіздік саласындағы ағымдағы жағдайды және қорғаныс бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін жан-жақты пысықтады.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар Ормұз бұғазы арқылы сауда кемелерінің кедергісіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді.
Купер: «Біз аймақтағы серіктестерімізбен тығыз байланыста әрекет етуді жалғастырамыз. Бұл талқылаулар аймақтағы тұрақтылықты сақтауға деген ортақ мақсатымызды тағы бір мәрте растады», -деді.
Тегеранның бұл әскери жиынға ресми реакциясы аймақтағы геосаяси текетірестің жаңа сипат алғанын аңғартады.


















