Иран Каспий теңізінде алғашқы теңіз метеорологиялық станциясын іске қосты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Республикасы Каспий теңізіндегі “Амир-Кабир” жартылай батырылған бұрғылау қондырғысында өзінің алғашқы метеорологиялық станциясын іске қосты.
Бұл жаңа станция Амирабад жағалауынан 13,5 шақырым жерде орналасқан Таяу Шығыстағы ең ірі бұрғылау платформасында құрылды.
Станцияның іске қосылуы метеорологиялық және теңізге қатысты құнды деректерді өлшеп, тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл елдің солтүстік бөлігіндегі теңіз метеорологиялық қызметтерінің сапасын арттырады.
Аталмыш станция ауа температурасы мен ылғалдылығы, радиация, жауын-шашын мөлшері, көру қашықтығы, желдің бағыты мен жылдамдығы сияқты әртүрлі метеорологиялық көрсеткіштерді бақылап, тіркеп отырады.
Сонымен қатар, ол су бетінің температурасы, судың тұздылығы және су деңгейі сияқты теңіз ортасының параметрлерін өлшейді.















