Көптеген бақылаушылар Иран мәселесін Трамптың Си Цзиньпинмен кездесуіндегі бәрі білетін, бірақ айтпауға тырысатын түйткілі деп есептейді.
Мемлекет басшылары, әдетте шығыны көп әрі қажытатын сыртқы соғыстарға араласқанда басты бәсекелестерімен жақын көрінуден қашқақтайды. Алайда Дональд Трамп басқа жолды таңдады. Көп жыл бойы дипломатияның қалыптасқан ережелеріне аса мән бермей келген АҚШ президенті Қытайға сапарын екінші рет шегеруге ниетті болмаған сияқты. Осылайша, оның Си Цзиньпинмен кездесуі Таяу Шығыстағы соғыс әлемдік саясатқа көлеңке түсіріп тұрған тұста өтті.
Сырттай қарағанда, келіссөздердің негізгі тақырыптары — сауда, тарифтер және Тайвань мәселесі болды. Трамп сапар алдында Иран дағдарысынан шығу үшін Қытайдың көмегіне мұқтаж емес екенін мәлімдеген болатын. Дегенмен, көптеген бақылаушылар Иран мәселесін бұл кездесудегі бәрі білетін, бірақ айтпауға тырысатын түйткіл деп есептейді.
Соған қарамастан, бұл кездесуден айтарлықтай нәтиже күтілмеді. Time журналы бұл басқосудың іргелі жетістіктерге жеткізбейтінін болжаған болатын. Бұл жағдай әлем соңғы жылдардағы ең сезімтал экономикалық және геосаяси кезеңдердің бірінде тұрғанда орын алып отыр. Ормұз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс жаһандық энергия нарығына қауіп төндіруде, ал Халықаралық валюта қоры жаһандық рецессия қаупін ескертті.
Алайда Бейжің өзін қиын жағдайда сезінбейді. Қытайдың мұнай импортының жартысына жуығы және сұйытылған табиғи газының маңызды бөлігі Ормұз бұғазы арқылы өтсе де, сондай-ақ, мұнай импортының 13%-ы тікелей Ираннан келсе де, Бейжің дағдарыс салдарын басқара алды. Мұнайдың мол қоры, энергия көздерін әртараптандыру және құрлықтағы құбыр желілерін кеңейту — Қытайдың осал тұстарын азайту үшін қолданған құралдары.
Осы жағдай Си Цзиньпиннің нық сеніммен әрекет етуіне мүмкіндік берді. Энергетикалық дағдарыс пен аймақтық тұрақсыздықтан қысым көріп отырған АҚШ одақтастарымен салыстырғанда, Қытай өзін тұрақтырақ сезінеді. Сондықтан Бейжің Вашингтонның мүддесі үшін Тегеранға қысым жасауға саяси капиталын жұмсағысы келмейді.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қытай, Тайвань және Моңғолия мәселелері бойынша бұрынғы жауапты өкілі Дрю Томпсон Трамп пен Си кездесуі арқылы нақты шешім табылатынына күмән келтірді. Корнелл университетінің Қытай мәселелері жөніндегі сарапшысы Аллен Карлсон да осыған ұқсас пікір білдіріп, келіссөздерден құнды нәтиже шығу ықтималдығы нөлге тең екенін айтты.
Бұл келіспеушіліктердің астарында тереңірек алшақтық жатыр. Көптеген қытайлық талдаушылардың пікірінше, Иранмен соғыстан кейін Америка бұрынғыдан бетер ақсақ алыпқа ұқсай бастады. Бұл — әскери және экономикалық қуаты бар болғанымен, толассыз соғыстардың салдарынан беделі мен стратегиялық назары әлсіреген держава. Мұндай жағдайда Си Цзиньпиннің сауда саласында Вашингтонға маңызды жеңілдік беруі екіталай.
Бұның себебі тек уақытша келіспеушіліктерде емес, Қытайдың экономикалық саясатының негізінде жатыр. «Қытайда жасалған 2025», «Қытай стандарттары 2035» және «Қос айналым» стратегиялары технологиялық өзін-өзі қамтамасыз ету мен экономикалық тәуелсіздікке бағытталған. Бұл тұрғыда өзара тиімді мәміле жасау принципі Қытайдың өсуі мен экономикалық қауіпсіздігінен кейінгі екінші орынға ысырылған.
АҚШ-тың жаңа санкциялары Қытайдың Иранға қысымын арттыратынын білдірмейді. Вашингтон институты жақында АҚШ-тың Қытайдың ірі мұнай өңдеу зауытына және оған қарасты ондаған көлік компаниясына Иранмен байланысты қатаң санкция салғанын еске салды.
Бірақ сарапшылар бұл экономикалық қысым Бейжіңнің Тегеранға қатысты ұстанымын өзгертетініне кепілдік жоқ деп санайды. Қытай үшін Иран мұнайын сатып алуды тоқтату — тек экономикалық шешім емес, бұл АҚШ қысымына берілудің белгісі ретінде қабылдануы мүмкін. Мұндай қабылдау тек Тегеранда ғана емес, басқа елдер арасында да үлкен саяси салдарға әкеледі.
Сонымен қатар, Қытай Иранды ашуландыру ұзақ мерзімді перспективада көбірек шығын әкелуі мүмкін екенін жақсы түсінеді. Әсіресе, егер Тегеран болашақта Қытай импорты мен экспорты тәуелді болып отырған Парсы шығанағындағы энергия жолдарында үлкенірек рөлге ие болса.
Сол себепті Бейжің АҚШ-тың жаңа санкцияларын тек Иранға қарсы шара емес, Вашингтонның Қытайға қарсы он жыл бұрын бастаған экономикалық соғысының жалғасы санайды. Қытайдың реакциясы да бұрын-соңды болмағандай қатаң болды: Бейжің қытайлық компанияларға АҚШ санкцияларын орындауға іс жүзінде тыйым салатын ережелер енгізді.
Осы шиеленістерге қарамастан, Қытай АҚШ-пен тұрақты экономикалық қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Көптеген қытайлық саясаткерлер сауда қатынастарының Трамптың алғашқы әкімшілігіне дейінгі кезеңге оралғанын қалайды. Трамптың өзі де, әсіресе Иранмен соғыс ішкі қысымды күшейтіп, алда аралық сайлаулар тұрғанда осындай мақсатты көздеуі мүмкін.
Екінші жағынан, егер Вашингтон мен Тегеран арасындағы қақтығыс қайта шиеленіссе, Қытайдың Иранға ықтимал қолдауын тежеу Америка үшін өте қымбатқа түседі. Талдаушылардың пікірінше, бұл жағдай АҚШ-тың әскери ресурстарын сарқып жіберуі мүмкін, әсіресе Вашингтон бір мезгілде Иранның теңіз қоршауын және оның экономикалық қолдау желілеріне қысым жасауды қатар алып жүруге мәжбүр болса.
Бұл ретте Бейжің Тегеранға кез келген әскери қолдау көрсетіп отырғанын жоққа шығарады. Жақында Беньямин Нетаньяху Қытай Иранның зымыран бағдарламасына бөлшектер мен техникалық қолдау көрсетті деп айыптаған болатын. Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдені бірден негізсіз деп атады.
Қытай СІМ өкілі Го Цзякунь Бейжіңнің халықаралық міндеттемелеріне адал екенін, қақтығыстардың аяқталуын қолдайтынын және шиеленісті азайтуға тырысатынын, сондай-ақ, Қытайдың дәлелсіз айыптауларды қабылдамайтынын мәлімдеді.












