Мысыр Сыртқы істер министрі Бадр Абдел Ати Иран мен АҚШ арасындағы қақтығысты аяқтауға бағытталған келіссөздердің тығырыққа тірелгенін мәлімдеді.
Еуразия Тудей ақпарат агенттігінің «Әл-Джазира» телеарнасына сілтеме жасап хабарлауынша, Мысыр Сыртқы істер министрі Бадр Абдел Ати Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қақтығысты тоқтатуды көздейтін келіссөздердің тығырыққа тірелгенін айтты.
Бадр Абдел Ати Біріккен Араб Әмірліктерінің «The National» басылымына берген сұхбатында: «Мәселе бар. Өздеріңіз білетіндей, қазір бейбітшілік те, соғыс та жоқ», — деді. Министр сонымен қатар жағдайдың тығырыққа тірелгенге ұқсайтынын айтты.
Айта кетейік, «Бейбітшілік те, соғыс та жоқ», яғни “cтатус-кво” жағдайы тараптардың тікелей ауқымды әскери қақтығысқа барғысы келмейтінін, бірақ келісімге келуге саяси сенімнің жеткіліксіздігін сипаттайды. Осы жағдайдың созылуы аймақтағы тұрақсыздық қаупін сақтап отыр.
Сондай-ақ, министр Мысырдың ирандық тараппен байланысын жалғастырып жатқанын растап, ядролық бағдарламаға қатысты ережелерді, АҚШ санкцияларын жоюды, Ормұз бұғазын ашуды және атысты тоқтатуды қамтитын келісім негізінде қақтығысты тез арада аяқтауға шақырды.
Иран тарапы АҚШ-тан санкциялардың толық әрі қайталанбайтындай болып жойылуын және ядролық келісімнен қайта шықпауы туралы заңды кепілдік талап етеді. АҚШ, өз кезегінде, Иранның уран байыту деңгейін шектеуді және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің инспекциясына толық рұқсат беруін қалайды.
Иран экономикасына салынған мұнай экспорты мен қаржылық сектордағы шектеулер елдегі экономикалық жағдайды ауырлатып отыр. Шектеулерді алып тастау — Тегеранның басты шарттарының бірі.
Ормұз бұғазы — әлемдік мұнай тасымалының үштен бір бөлігі өтетін маңызды стратегиялық артерия. Бұл аймақтағы әскери шиеленіс пен коммерциялық кемелерді өткізбеу жағдайлары жаһандық энергетикалық нарықтарға тікелей әсер етеді.
Мысырмен қатар, Қатар, Оман және Ирак сияқты аймақтық мемлекеттер Вашингтон мен Тегеран арасында жанама диалог орнатуға және шиеленісті бәсеңдетуге белсенді түрде атсалысып келеді.












